Құлсарыда 100-ден астам тұрғын өтемақы сомасына келісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсарыда 100-ден астам тұрғын өтемақы сомасына келісті

17.05.2024

Атырау облысындағы тасқыннан бүлінген жолдар жөнделіп жатыр. Атырау-Индер тас жолының 27 шақырымы опырылып кеткен еді. Қазір 4 арнайы техника мен 15 шақты маман оны қалпына келтіруде. Жүргізушілер үшін айналма жол қарастырылған. Ал Атырауда Жайықтың деңгейі 560 см-ге жетті. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсарыдағы тасқыннан зардап шеккен үйлерді аралады. Өңір басшысы Достық, Жадырасын, Мешіт ауылы ықшам аудандарына барып, тұрғындармен кездесті. Кейін олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, шығынды өтеу механизмін түсіндірді. Орташа өтемақы бір шаршы метр үшін шамамен 200-240 мыңнан есептеліп жатыр. Қазір комиссия 2 940 өтінішті қабылдап, 2 727 өтініш қарауға жолданған. 2 600-ден астам үй бағаланып, техникалық тексеруден өткен. 756 үй апатты деп танылды. 100-ден астам тұрғын бағалау қорытындысымен танысып, өтемақы сомасына келісті.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу