Абай облысында егістік науқаны қызу жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында егістік науқаны қызу жүріп жатыр

17.05.2024

Абай облысында егістік науқаны қызу жүріп жатыр. Диқандар жердің ылғалы кетпей тұрып, көбірек дәнді-дақыл егіп қалсақ, дейді. Биылғы жаз қатты ыстық болады деген болжам айтылды. Сондықтан диқандар өнімге алаңдаулы. Жер емген шаруа жайында толығырақ тілшіміз тарқатады.

Диқан Геннадий Жипсаев мың гектардан аса егістік алқаптың иесі. «Биыл осы жердің жартысынан көбіне бидай мен арпа егіп жатырмын. Өйткені шемішке, жүгері өнімдері өтпей қалып жатыр»,-дейді шаруа. Оның үстіне, биылғы жылы гектарына 18 литр деп бөлінген жанар-жағармай да жеткіліксіз болып отыр. Аудандағы 275 шаруа қожалығы 1500 тонна дизель отынына тапсырыс беріпті. Қазіргі таңда оның 190 тоннасы шаруашылықтарға берілген.

Геннадий Жипсаев, шаруа қожалылығының басшысы:

Нормасы аз болып қалды. 18 литрден бөліп жатыр. Бізге ол жетпейді. Жырту керек, себу керек, химпрополка жасау керек. 18 литр жыртуына жетпейді. Орташа терең, 25-27 сантиметрден жыртатын болсаң, 22 литрдан кетеді гектарына.

Абай облысының Үржар ауданында 1700 егістік шаруашылығы бар. Биыл 192 мың гектардан аса аумаққа егістік егу жоспарланыпты. Оның 63 мыңнан астам аумаққа дәнді-дақылдар, 75 мың гектарына майлы дақылдар егілмек. Қазіргі таңда 18 мың гектар жер жыртылып, 8 мың гектардан аса аумаққа дәнді дақылдар егіліп үлгерген.

Ділшат Дәуренбеков, Үржар аудандық Кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы:

Біркелкі баға болса, мысалы, жылдың басында белгілі болса, Үкімет өзі алса біліп отырады. Кім қанша өндірді, не өндіріп отыр? Шаруа қожалығы да біледі не ексе, не өндірсе, қандай бағаға сатып, жылдың аяғында қортындысында еңбегі ақтала ма, ақталмай ма, сол жағдайы.

Биыл жаз қатты ыстық болып, өнімге әсер етуі мүмкін, дейді мамандар. Десе де, шаруалар күн райының қолайсыздығынан қаймықпай, өнімді еселеп алу үшін қазірден егіс басында жүр.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу