Құлсарыдағы тұрғындарға шығынды өтеу механизмі түсіндіріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсарыдағы тұрғындарға шығынды өтеу механизмі түсіндіріліп жатыр

17.05.2024

Атырау облысы Махамбет ауданында тасқын судың деңгейін төмендету мақсатында жолдар жырылып, су өткізгіш құбырлар салынып жатыр. Ағысы қатты нөпір су ырық берер емес. Тұрғындар елдімекендерге айналма жол арқылы қатынап жатыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Су деңгейі күн санап көтеріліп жатыр. Атырау қаласында Жайық шекті деңгейден асып, 561 см-ге жетті. Бөгеттердің осал тұстарында кезекшілік күшейтілді. Ал Махамбет ауданында жағдай күрделі. Су деңгейі 10 метрден асып кетті. Бірақ елдімекендерге су кірген жоқ. Өр суы Сарайшық, Талдыкөл ауылдарын қоршап тұр. Махамбет және Сарытоғай ауылдарының арасындағы жолдың астына су өткізгіш құбыр салынды. Әзірге екі ауылға тұрғындар қайықпен қатынап жүр. Ал Индер ауданында су деңгейі төмендеп келеді. Су басқан кірме жол қайта қалпына келтіріліп, қолданысқа берілді. Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен 200-ден астам үйге келген шығын есептелді. Айта кетейік бүгін облыс әкімі су басқан үйлерді аралап, Достық, Жадырасын, Мешіт ауылы ықшам аудандарының тұрғындармен кездесті. Олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, шығынды өтеу механизмін түсіндірді. Орташа өтемақы бір шаршы метр үшін шамамен 200-240 мыңнан есептеліп жатыр.
Күләш Аманбай, Құлсары қаласының тұрғыны:
240 мың теңгеге келісемін. Артық ештеңе сұрамаймын. Үкіметтің берген ақшасына ризамын. Бастысы менің үйімнің орнына үй салынса болды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Жалпы Құлсарының 200-ден астам тұрғыны бағалау қорытындысымен танысты. Қазір комиссия 2 мың 940 өтінішті қабылдады. Оның 2 мың 727-сі қарауға жолданды. 2 600-ден астам үй бағаланып, техникалық тексеруден өтті. 756 үй апатты деп танылды. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу