ЕҰУ-да жатақхана мәселесі толық шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕҰУ-да жатақхана мәселесі толық шешіледі

17.05.2024

Еуразия Ұлттық университетінің студенттері үшін жағымды жаңалық. Екі жылда оқу ордасындағы жатақхана мәселесі толық шешілмек. Биыл 3 мың орынға арналған бірнеше студенттер үйі пайдалануға беріледі. Келер жылы тағы мың адамға шақталған ғимараттар ашылады. Бұл туралы университетте өткен инвестициялық форумда белгілі болды. 

Ғалымдар мен кәсіпкерлер, студенттер мен кәсіби мамандар. Университет қабырғасында ұйымдастырылған алғашқы инвестициялық жиында бүгін әр саланың өкілдері бас қосты.
Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы берілген болатын жеке инвесторларды тарту арқылы студенттерге жатақханалар салып беруді шешу. Міне осыған байланысты жаңа механизмдер ойлап табылды. Осының негізінде біз инвесторларды тарта отырып бүгін төртеуімен келіссөзге қол қоймақшымыз. 
Жаңа жатақханалар жекенің қаражатына салынады. 350 орындық бір ғимараттың құны шамамен 1,5 млрд теңге.
Арман Халилов, кәсіпкер:
Студенттер үйі қажетті жиһаз, техникамен жабдықталады. Коворкинг бөлмелерін де қарастырдық. Ол жерде сабақ оқып, түрлі іс-шара өткізуге болады. 
Студенттер бұл бастама жастардың алаңсыз білім алуына жасалған үлкен қолдау, - дейді.
Ерлан Киікбай, студент:
Әрине қуанышты жаңалық. Студенттер үйінде тұру ол студенттік вайб дейді ғой, соны сезіну.
Форумда инвесторлар назарына ғалымдарының өнертабыстары таныстырылды.
Азат Нұрқасымов, жоба жетекшісі:
Бұл жоба радиациялық тігілген кабельдер. Бұл өнімдер мұнай өндірісінде және күн панельдеріне арналған кабельдер. Нарықта тек шет мемлекеттерден келген өнім бар. Қазақстанда біз бірінші болып шығарып жатырмыз. 
Жиын барысында оқу ордасы мен Киров атындағы машина жасау зауыты бірлесіп өнім шығаруға уағдаласты. Олар ақпараттық жүйелерге қажет чиптер өндірмек. Жалпы бүгін бизнес пен білім 4 келісімге қол қойды. Жалпы құны - 20 млрд теңге.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу