Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 650 отбасы жаңа баспанаға көшеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 650 отбасы жаңа баспанаға көшеді

18.05.2024

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 650-ден астам отбасы жаңа баспанаға көшеді. Қазір өңірде жүзге жуық үйдің құрылысы басталды. Оған 36 құрылыс компаниясы тартылған. Тұрғындардың кейбіріне өз қалаулары бойынша екінші нарықтағы пәтерлер сатып алынып жатыр.

Өңірде тасқынан Ойыл ауданының екі ауылына үлкен залал келген еді. Екпетал ауылында 65 үй су астында қалды. Енді елдімекеннің халқы түгелдей аудан орталығына көшіріледі. Сондай-ақ, Қаратал ауылындағы 236 үйдің 18-і ғана аман қалды. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары басталып жатыр. Алғашқы үйдің іргетасы құйылып жатқанын көрген Таңсұлу Өскенбаева қуанышын жасыра алмады.

Таңсұлу Өскенбаева, Қаратал ауылының тұрғыны:

Үй салып беремін деген ағайындарға көп-көп рахмет.Біз осында тұрамыз, жолдасым екі балам – бір ұл, бір қызым бар.Құдайға шүкір ауылдамыз.Қора-қопсы – бәрі кетті. Ағаш үй берді. Қазір ағаш үйде тұрып жатырмыз.

Жаңа үйлердің қай жерден салынатынын тұрғындардың өздері шешеді. Құрылыс жұмыстарымен үш компания айналысып жатыр.Тұруға жарамды деген жиырмаға жуық үйдің әрқайсысына жөндеу жұмыстары үшін шамамен үш жарым миллион теңгеден бөлінген.

Саян Сүлейменов, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары:

«Бұл ауылдың өзінде 170 үй салынады. Қалған елу шақты, 42 отбасы үйлерін Ойылдан сатып аламын, немесе Ойылдан саламын деген ұсыныстарын білдіріп отыр. Қазір ауылдың орталығында 3 компания жұмысын бастап кетті, екі компания орындарын дайын жатыр».

Темір ауданының Құмсай ауылында да алғашқы үйдің іргетасы құйылды. Жаңа баспаналар тұрғындардың ұсынысымен биік жерге салынады. Елдімекенде 44 үйге зақым келген еді. 22 үй жаңадан салынса, 16 отбасыға дайын үйлер сатып алынады. Тағы алты баспана жөнделеді.

Эльмира Қазмағамбетова, Құмсай ауылының тұрғыны:

Құрылыс жүріп жатыр. Екі компания келді ауылға. Бір компания міне, көзіміздің алдында құрылыс жүргізіп жатыр.Күнде үйдің қасында, күнде көріп тұрмыз. Ризамыз.

Ойыл мен Темірден бөлек Мұғалжар мен Әйтеке би аудандарында да құрылыс жұмыстары басталды. Ал, Ырғызда жер учаскелерін зерделеу жұмыстары жүріп жатыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу