«Ресей – Ислам әлемі» экономикалық форумы: 120-дан астам келісімге қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ресей – Ислам әлемі» экономикалық форумы: 120-дан астам келісімге қол қойылды

20.05.2024

Татарстан астанасында «Ресей – Ислам әлемі» экономикалық форумы аяқталды. Халықаралық басқосуға елімізден арнайы делегация қатысып, ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады. Қазақстанның конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған үздік тәжірибесі де назардан тыс қалған жоқ.

Индира Бегайдар, тілші:

Татарстанның Қазан қаласы бес күнге жаһан жұрты көз тіккен орталыққа айналды. Өйткені дәл мұнда «Ресей-ислам әлемі» халықаралық форумы ұйымдастырылды. Жылына бір рет өтетін басқосуда күрмеуі көп күрделі мәселелер көтеріліді.

80-нен астам елден 20 мыңнан астам адам экономикалық форумға қатысуға ниет білдірген. Барлығы 125 тақырыптық сессия қамтылды, 120-дан астам келісімге қол қойылды. Оның ішінде білім, ғылым саласындағы әріптестік көкжиегін кеңейту, киберқауіпсіздік, экономика, туризм бар. Бұл салаларға халал талаптарын енгізу жағы да сөз болды. Дінаралық келісімді нығайтудың озық үлгісін қалаптастырған Қазақстанның тәжірибесі айтылды.

Болат Сәрсенбаев, Н.Назарбаев орталығы төрағасының кеңесшісі:

Қазақстан әлемдік және дәтсүрлі діндер лидерлерінің съезін 20 жыл бұрын өткізе бастады, осылайша дінаралық диалогты орнатуға өз үлесін қосты. Бұл әлемде мойындалған үздік бастамалардың бірі болды. Сондықтан біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.

Форум аясында Еуразия ұлттық университеті мен Татарстаның Ғылым академиясы арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Орталық Азиядағы ғылым, мәдениет және тарих мәселелерін терең әрі жан-жақты зерделеуге бағытталған бағдарламалар мен жобаларды бірлесе жүзеге асыруды көздейді. Жалпы Татарстанда 1,5 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды.

Ринат Садықов, Татарстанның жастар ісі жөніндегі министрі:

Қазақстанмен барлық салада байланыс үзілген емес. Бүгінгі күні республикада оқып жатқан қазақстандық студенттердің саны артуда. Бұл жастар өте білімді, білікті мамандар. Форум аясында да павильонда халықтар достығын, бірлікті насихаттап, өзара тәжірибе алмастық.

Шара аясында Ресей Халал Экспо халықаралық көрмесі мен сән фестивалі ұйымдастырылды. Сондай-ақ хоккейден халықаралық турнир өтіп, қазақстандық спортшылар үздіктердің қатарынан көрінді.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу