Түркістан облысында үш ауылдың халқы жерін қайтара алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында үш ауылдың халқы жерін қайтара алмай жүр

21.05.2024

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 3 ауылдың халқы 2,5 мың гектарға жуық жерінен айрылып қалғалы отыр. Себебі егістік пен жайылымдық жерлерді кезінде кооператив төрағасы несие ұйымына кепілге қойып жіберген. Кейін жерін даулаған жұрттың құжатқа қол қоймағаны расталса да сот несие ұйымының пайдасына шешілген. 

2005 жылы кооператив төрағасы Махамбет ауылының тұрғындары атынан жалған құжат толтырып, 14 млн теңгеге несие алған. Қомақты соманың қарызынан құтылдым деп, кейін тұрғындарға жер үлесін бөліп беріпті. Алайда кооператив төрағасы қайтыс болғаннан кейін, несие ұйымының басшылығы қарыз өтелмеген деп, сотқа жерлерді қайтару туралы арыз түсірген.

Хаттамаға қойылған қолдың жалған екенін мамандандырылған экономикалық сот растаған. Алайда соған қарамастан жер несие ұйымының кепілдігінен босатылмай отыр. Ұйым өкілдері енді сотқа тұрғындардың қолындағы мемлекеттік актілерді заңсыз деп тауып, жерді компанияға қайтару туралы талап арыз түсірген. Сот бұл талап арызды қанағаттандырыпты.

Жұмабай Жарылқасынов, Махамбет ауылының тұрғыны:
Түркістанға сотқа екі рет өзім бардым. Мына аудандық сотқа 7-8 рет бардық. Бір адам біздің мұңымызды қарайын деп отырған жоқ. Ертең келешегі солай жерімізді алып қойса, малымыз аш қалады. Жанымыз аш қалады. Жерсіз қаламыз.

Жерін даулаған жұртқа жергілікті биліктен де көмек болмай тұр. Ауданның атқамінерлері қол ұшын бермек түгілі, тіпті, маңайына да жуытпады деп жыларман күйде.

Ағабек Досмұрзаев, Махамбет ауылының тұрғыны:
Ауданның әкімшілігіне барамыз, барғанбыз талай мәрте. Шығарып салады. Кірмейсің ол жерге. Милициялар тұрады. Ана сот биыл төртінші жыл ма болып барады. Барамыз, шығарып салады, қайтарады. Одан ауданға жібереді, аудан қайтадан Түркістанға жібереді.

Ал «Қазығұрт несие» ұйымының басшылығы қарыз қайтарылмайынша соттасқанымыз соттасқан деп бет қаратар емес. Айтуларынша қарыз төленбеген, сондықтан соңына дейін барамыз деп бекініп отыр.

Ербол Жүзбаев, «Қазығұрт несие» ЖШС басқарма төрағасы:
18 млн теңге Шарапхана өндірістік кооперативі тарапынан серіктестің есеп шотына құйылып, берілетін болса, бұл дау бойынша біз кепілдіктен босатып, тыйымнан босату жөніндегі анықтама қағазын беруге дайынбыз. Яғни жерлерді кепілдіктен босатып беруге дайынбыз.

Әзірге халықтың бұл қаражатты қайтаруға шамасы жоқ. Сондықтан бұл іске енді аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары араласып, сот шешімін бұздыруға талап арыз түсірмек.

Айнұр Әбілқасымқызы




Хабарламаларға жазылу