«ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясына уранды барлау құқығы берілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясына уранды барлау құқығы берілуі мүмкін

24.05.2024

«ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясына уранды барлау құқығы берілуі мүмкін. Заңға осындай өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.Мәжіліс депутаттары осы мәселеге орай компанияның бас кеңсесінде көшпелі жиын өткізді. Самал Қабышеваның бейнематериалы.

«ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясына уранды барлау құқығы берілсе, ұлттық оператордың әлеуеті артады. Қарапайым тілде айтсақ, компания кен орнын өзі іздеп табады. Қай жерде уран бар екенін анықтайды. Яғни, өзі іздейді, өзі табады, өзі игереді, өзі өндіреді.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы компанияның өзіне осы заңмен барлау жұмыстарына рұқсат беру. Қазір тек қана игерумен айналысады уранды. Оны зерттеп, жаңа кен орындарын ашу жөнінде компетенция беру ой бар.
«ҚазАтомӨнеркәсіп» - уран, сирек металдар, атом электр станцияларына арналған ядролық отын импорты мен экспорты бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы. Былтыр компания 21 мың тоннадан астам уран өндірген. Кәсіпорында 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
 Мейіржан Юсупов, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:
Біз үшін барлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Өйткені, біз өзіміздің теңгерімге тонна урандарды қоюымыз керек. Сол үшін Мемлекет басшысы айтқандай, біз барлауға басымдық беріп отырмыз.
Самал Қабышева, тілші:
Бұл уранның өңделген түрі. Көлемі дәрінің таблеткасы сынды кішкентай ғана. Ал, осы кішкентай бір уранның өзі жарты тоннаға жуық көмірден алынатын электр энергиясын бөледі. Яғни, уран өндірісін одан әрі дамыту еліміз үшін аса маңызды, - дейді мамандар.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу