Сал ауруына шалдыққан қазақстандық балалар Өзбекстанда тегін ем алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сал ауруына шалдыққан қазақстандық балалар Өзбекстанда тегін ем алады

27.05.2024

Сал ауруына шалдыққан қазақстандық балалар Өзбекстанда тегін ем алады. Самарқандық компания шекаралас өңірлерде тұратын науқас сәбилерге осындай көмегін ұсынбақ. Бұл екі ел арасындағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде қолға алынған шара.

Соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған орталықта әр 10 күн сайын туа бітті сал ауруынан зардап шегетін 180 бала оңалту курсынан өтеді. Мұнда сырқаттың жеңіл түрінен бастап, ауыр сатысындағы балғындарға дейін тегін ем қабылдап жатыр.

Қазақстанның Самарқандағы Бас консулдығы мен өзбекстандық «SAG Group» компаниясына қарасты емхана арнайы меморандумға қол қойды. Оған сай, Өзбекстан тарапы Шымкент қаласы, Түркістан мен Қызылорда облысындағы сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндердің осы орталықта тегін ем алуы үшін ай сайын тұрақты квота бөліп отырады.

Бауыржан Досманбетов, Қазақстанның Самарқандағы бас консулы:

Айына тегін 12 балаға және 12 қасына еріп жүретін ата-анасына тегін ем беріледі. Ол тек ем емес, жататын жерлері, тамақтандыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көмегін көрсетеді. Ал жол ақысын емделушілердің өздері көтереді.

Баланың еміне тегін квота алу еліміздегі облыстық Денсаулық сақтау басқармалары арқылы жүзеге асады. Оңалту орталығында Өзбекстанмен қатар Корея мен Қытайдан келген дәрігерлер де ем жүргізеді. Арнайы оңалту курсынан өткен әр бала 4 айдан соң қайта шақырылып, толық сауығып кеткенше ақ халаттылардың бақылауында болады.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу