Атбасарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға үй салына бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атбасарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға үй салына бастады

27.05.2024

Атбасар қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған 100 пәтерлік үйдің құрылысы басталды. Жергілікті әкімдік құрылыс жеті айда аяқталып, үйін су шайып кеткен отбасылар жаңа үйге желтоқсан айында қоныстанады деп отыр. 

Атбасар қаласында қазір тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал кеше ғана тасқын кезінде жылы жайы мен қатар мал-мүлкінен айырылған 38 отбасы жаңа үйлерге қоныстанып үлгерді.

Әділ Шәйкенов, Атбасар ауданы әкімінің орынбасары: 
Мемлекет басшысының тапсырмасымен шығын шыққан үйлерге тез көмектесіп, сатып алған үйлермен қатар материалдық шығын өтеуді қарастырдық. Материалдық шығын 40 млн болды. Оны қазір адамдарға төледік. Және ремонт жасаған үйлерге де 77 млн болып шықты.

Сәуір айындағы тасқын кезінде Атбасар ауданында жалпы саны 377 үй суға кеткен. Оның 200-ге жуығы жарамсыз болып қалған. Қазір бағалау жұмыстары толық аяқталды. Ал бес қабатты үйдің құрылысын кеше ғана бастаған компания жұмысты келесі жылға қалдырмай, жеделдетеміз деп отыр.

Елжас Уаисов , құрылыс жобасының жетекшісі: 
Біз бес қабатты үйдің құрылысын шұғыл түрде бастадық. Қысқа мерзімде сапалы әлі жайлы етіп аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Құрылыс компаниясының басшылығы мен жергілікті әкімдік барлығын мұқият қадағалап отыр.

Тәуірбек Бозекен, тілші: 

Қазір Атбасардағы 200 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Жергілікті әкімдік Жабай өзеніне жақын тұрған, яғни қызыл аймақта орналасқан жер үйлердің тұрғындары тамыз айында осы жерге қоныстанады деп уәде етті.

Тәуірбек Бозекен


Хабарламаларға жазылу