Жылжымайтын мүлікті сақтандыру кенжелеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылжымайтын мүлікті сақтандыру кенжелеп тұр

27.05.2024

Елімізде жылжымайтын мүлікті сақтандыру үдерісі өте баяу. Кенжелеп тұр десек те болады. Бұған не себеп? Азаматтарды ынталандыру үшін не істеу керек? Әріптесім Самал Қабышева мамандардың пікірін біліп қатты.

Келісімшарт бір жылға жасалады. Осы аралықта баспанаңызға қандай да бір залал келсе, барлық шығынды сақтандыру компаниясы төлеп береді. Тіпті, жоғары қабаттағы көршіңіз төбеңізден сорғалатып су ағызса да, үйіңізге ұры түссе де, келген шығынды сақтандыру компаниясы өтейді.

Осылай баспанаңызбен қатар ішіндегі мүлкін де сақтап, алаңсыз жүруге болады. Бірақ, біздің халық баспанасын сақтандырудыруға асықпайды әрі дағдыланбаған.

Ал, Түркия 1999 жылы елдің бірнеше облысында болған алапат жер сілкінісінен кейін түрлі табиғи апаттарға қарсы үй-мүлікті сақтандыруды мәжбүрлі қылды. Жылына бір рет төленетін мемлекеттік сақтандырудың құны әр қалада әр түрлі. Мәселен, Ыстамбұлда 4 бөлмелі пәтер үшін жылына шамамен 50 мың теңгедей төленеді.

Нұр Синем Коуроу, Сақтандыру компаниясының басшысы:
Тұрғындар табиғи апаттарға қарсы сақтандыру жасамаған жағдайда мемлекет үйдің құжаттарын бермейді. Тіпті су, жарық, газды да қостыра алмайсыз. Алайда сақтандыру құны қымбат емес. Оның үстіне жылына бір рет қана төлейсіз.

Сенатор Бибігүл Жексенбай халықтың дені сақтандыру тетіктерінен хабарсыз екенін айтады.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Біздің елімізде адамдармен жұмыс істеу, сақтандыру компаниясы тарапынан болсын, мемлекет тарапынан болсын, әлі де төмен. Сақтандыру жүйесі туралы адамдардың сауатын ашу. Бұл тұрғыда дамыған мемлекеттерде мектеп жасынан бастап, жауапкершілікті күшейтетіндей, арнайы сабақтар жүргізіледі.

Бізде де осы бағытта жұмыс істеу керек, - дейді депутат. Дегенмен, биылғы су тасқынынан кейін ерікті сақтандыру бірден 77 пайызға өскен. Астана көш бастап тұр. Ал, Алматыда бұл көрсеткіш 15 пайызға да жетпейді. Өңірлерде тіпті бір пайыздан да аспайды.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу