Биыл Қазақстан Өзбекстаннан 1 млрд текше метрге жуық су алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Қазақстан Өзбекстаннан 1 млрд текше метрге жуық су алады

29.05.2024

Биылғы суғару маусымында еліміз Өзбекстаннан 1 млрд текше метрге жуық су алады. Ал оңтүстік аймақтардағы егістік алқаптарына тіршілік нәрін жеткізуде өзіндік орны бар қырғыздың Тоқтағұл су қоймасында қазір 8 миллиард текше метрдей су жиналды. Сондықтан мамандар алдағы жазда ағын судан тапшылық болмайды деп отыр. 

Қазақстан «Достық» каналы арқылы көрші елден суды толық көлемде алып келді. Осының арқасында өткен қыс пен көктем айларында Түркістан мен Қызылорда облыстарының диқандарына қажетті су көлемін жинақтауға мүмкіндік туды. Жалпы, трансшекаралық өзендерді бірігіп пайдалану жайы Орта Азия елдерінің үнемі басты назарында

Динара Зиганшина, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ҒАО директоры:

Жұмыс режимі жолға қойылып, келісімдер өз деңгейінде жүзеге асып келеді. Тараптармен энергетикалық бағытта да, су шаруашылығы бағытында да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, келешекте жалғасады деп сенеміз

Ағын суды бөлу бекітілген кестеге сай жүріп жатыр, дейді мамандар. Еліміздегі Шардара су қоймасында қазірдің өзінде 5 млрд текше метрге жуық су жиналған. Биылғы суғару маусымында Қазақстан көршілес мемлекеттен жалпы көлемі 922 миллион текше метр су алады деп жоспарланып отыр.

Шавкат Хамраев, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі:

Өзбекстан Шардара су қоймасынан Айдар-Арнасай көлдер жүйесіне тиесілі су көлемін алып жатыр. Жалпы осы маусымда көрші елге ағын суды жоспар бойынша жеткізу көзделген. Мұнан бөлек, Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасынан келетін суды пайдалану бойынша да тиісті келісім бар

Мемлекеттер арасында суды тиімді бөлу, трансшекаралық өзендерді, оның ішінде Сырдария мен Әмударияның суын бірлесе пайдалану бойынша келісім шарт жобасы дайындалған.Бұл -жұмысты жеделдетуге сеп болады. Сондықтан мамандар алдағы вегетациялық кезеңде судан тапшылық болмайды.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу