Ақтөбе облысында 494 үйдің құрылысы жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 494 үйдің құрылысы жүріп жатыр

30.05.2024

Ақтөбе облысында су тасқынынан кейін 941 үй апатты деп танылған. Өңірде 494 үйдің құрылысы басталды.

Арнайы құрылған комиссия барлығы 4084 үйді аралап шыққан еді. Оның 2627-сі бау-бақша ұжымдарында орналасқан. Мамандардың бағалау қорытындысына сәйкес, облыс бойынша 652 баспана жаңадан салынатын болды. Бұл жұмыстар аудандарда басталып та кетті. Тасқыннан Ақтөбе қаласынан бөлек алты ауданның тұрғындары зардап шеккен болатын. Құрылыс жұмыстарын 40 мердігер компания жүргізеді. Әзірге тек Ырғыз ауданы бойынша шешімін таппай тұрған мәселе бар. Ол жақта Нұра, Белшер, Мамыр ауылдары әлі суда тұрғандықтан, техникалық қорытындылар дайын емес. Ал, Ойыл ауданында 13 адам қоныс тойын тойлап үлгерді. Екпетал мен Қаратал ауылдарының тұрғындарына аудан орталығынан дайын үйлер сатып алынды.

Салтанат Ырзина, Ойыл ауданының тұрғыны:
Осы қиын кезеңдердің бәрі артта қалып, жақсы күндерге жетіп, бағымызға жаңа үй, дайын баспана бұйырды. Жаңа баспана бұйырғанына қуаныштымыз. Жаңа баспана жақсылықтардың бастауы болсын.Үкімет тарапынан берілген барлық көмектерге рахмет айтамыз. Ауылдастарымыз да біздер секілді баспанаға ие болса екен дейміз. 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу