Шымкентте тұрғындар тегін құқықтық кеңес алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте тұрғындар тегін құқықтық кеңес алды

30.05.2024

Елімізде бастау алған «Халық заңгері» шарасы аясында бүгін Шымкент қаласы тұрғындары мамандардан тегін құқықтық кеңес алды. Осыны пайдаланып жүздеген азамат өздерін толғандырған мәселелерін әкімдікке қарасты басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшыларына тікелей жеткізді.

Хиуаз Әлішева мемлекет мұқтажыдығына алынған 3 гектар жерін даулап жүргеніне біраз болды. Бұл туралы оған дер кезінде ешкім хабар бермеген. Шешім жер иесінің келісімінсіз мақұлданып кеткен. Бүгінгі шарада ол осы мәселенің жай-жапсары туралы заң органдарынан ақыл-кеңес алды.

Хиуаз Әлішева, қала тұрғыны: 
Заң бөлімінің бастығымен сөйлестім. Түсіндіріп, мақсатымды айқандады. Сол жердің қаржысын шығарып береміз деді. 

Ал Марат Бабамұратов болса акцияға кәсіпкерлікке қатысты заң талаптарын біліп алу үшін әдейі келген.

Марат Бабамұратов, қала тұрғыны:
Жауапкершілігі шектеулі серіктестігін қосқан кездегі білмей жатқан мәселелер бойынша кеңес алдым. Қажетті құжаттар тізбесін берді.

Кездесуде азаматтардың айтқан мәселелерінің дені жұмысқа орналасу, мемлекеттік сатып алу және жердің жайы болды. Арасында құқық қорғаушылардан әділдік іздеп келгендер де бар. Акцияны ұйымдастырушылар әрбір тұрғынның айтқан мәселесі жіті зерделеніп, заң шеңберінде шешім қабылданатынын айтты.

Дәурен Ерғарин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
Өз құзыреті бойынша әрбір органға беріледі. Юстиция, прокуратура, соттар отыр. Нотариус, адвокаттармен бірлесіп, өз құзырымызға сәйкес осы сұрақтарды шешуге тырысамыз.

Мұндай акция елімізде 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы мерізім ішінде құқықтық көмекке 165 мыңнан астам азамат жүгінген.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу