Мемлекет басшысы ғалымдармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы ғалымдармен кездесті

31.05.2024

Мемлекет басшысы Алматыға сапары барысында ғалымдармен кездесті. Жиында Президент қазір ғылым мен білімнің заманы екенін айтып, осы екі саланы дамытуымыз керек деді. Ғылым саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау мен ғалымдардың міндеті туралы баяндады.

Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда.

Негізгі бағыт ғылымды қаржыландыру. Соңғы жылдары елімізде ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны бір жарым есе көбейген. Соған сай нәтиже де арта беруі тиіс. Ол үшін жасанды интеллектіні дамытуға тезірек қолайлы жағдай жасағанымыз дұрыс. Бұл қадам экономиканы орнықты дамытуға тікелей әсер етеді. Жалпы ғылым, кез келген саланы дамытушы негізгі күшке айналуы тиіс.

Айрат Базенов, Әлихан Бөкейхан университетінің проректоры:
Әрбір университет өзінің өңірінің даму бағытын анықтайтын Ал ұлттық университеттеріміз бен ғылыми зерттеу орталықтарымыз мемлекетіміздің даму бағыттарын, экономика, өндіріс, өнеркәсіп, саласындағы даму бағыттарын анықтайтын орталыққа айналуы керек.

Әсіресе жас ғалымдарға барынша мүмкіндік жасау керек. Өйткені Еліне, өз ісіне адал азаматтар ғана Қазақстанды көркейте алады.

Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық ғылым академиясының президенті:
 Біздің болашағымыз - жас ғалымдар. Бұлардың көбісі шетелде оқып келген. Бірнеше тілдерді біледі. Жаңа технологияны да алып келетін осылар. Шетелден барып білімге трансферт жасайтын да осы ғалымдар.
Шахислам Лайысханов ,Ұлттық ғылым академиясы жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары:
Қазір кезде ғылыми жобалардың үштен бірін жас ғалымдар орындап жатыр. Бұл үлкен әлеует. Кейбір мекемелерде жас ғалымдар сол мекемеде орындалатын жобалардың жартысын орындап жатыр. Бұл дегеніміз қазіргі кезде жас ғалымдар жетекші ғалымдармен терезесі тең зерттеу жұмысына қабілетті екенін көрсетіп отыр.

Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Өзге де қолдау шаралары жыл санап артып келеді.

Ерғали Құрманов, ғалым:
Жас ғалым деген бағдарлама бар. Онда жаңағы жалақысы степендиясы 500 мың теңге. әр бір ғалымға берілетін. Ай сайынғы алынатын. Одан бөлек 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарға арналған жоба бар. Онда да белгілі бір жалақы алуға болады. Одан бөлек үлкен гранттық қаржыландыру бағдарламасы бар.

Ғылым сараптау, тәжірибе мен зерттеуден тұрады. Бұл үрдіс қыруар қаржыландыруды талап етеді. Алайда сәтті тәжірибеге жұмсалған ақшаның еселеп қайтатыны сөзсіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді.

Бүгінгі жиын барысында Мемлекет басшысы білікті ғалымдарға пәтер сертификатын табыстады. Жалпы биылдың өзінде 200 ғалым пәтермен қамтылмақ. Бұл бастама болашақта жалғаса да береді.

Шынар Құлтаева, ғалым:
 Әрине ақталды. Қаншама лабораторияда өткізген ұйқысыз түндер, қаншама жазылған мақалалар саны бәрі де осынын дәлелдеп тұр. Өте қатты қуаныштымын.

Қазір Ғылым туралы заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше ғана Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де өте маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілген.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу