Мерекеге орай балалар Ақорданы аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мерекеге орай балалар Ақорданы аралады

01.06.2024

Халықаралық балаларды қорғау күнінде әр өңірден келген оқушылар Ақорданы аралады. Экскурсияға оқу озаттары мен зияткерлік және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары шақыртылған.

Бүгін Ақордада ерекше қонақтар. Еліміздің әр өңірінен келген 81 оқушы Президент сарайын аралауға мүмкіндік алды. Арасында халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары мен оқу озаттары бар. Президенттің Ақтөбедегі сапарында аралаған мектептің оқушылары да арнайы шақырту алған.

Санжар Айдулла, 10 сынып оқушысы:

Біздің проектерімізді көріп, айти сендердің болашақтарың, сендер осыны дамыта беріңдер деп айтып кетті. Бізге бәрімізді жинап, нөмірлерімізді сұрап, звондады бізге. Мен естіген кезде өте қуандым. Өйткені, Астанаға бару деген және Ақордаға бару деген ол үлкен мүмкіншілік. Әркім бара алмайды ғой Ақордаға.

Оқушылар резиденцияның салтанат холы мен ресми қабылдаулар және түрлі жиындар өткізуге арналған залдарын тамашалады. Ақорданың аумағындағы бақты аралап көрді. Сонымен бірге, Президенттің жұмыс тәртібімен және еліміздің бас ғимараты туралы қызықты деректерден танысты.

Кэтрин Майер, 9 сынып оқушысы:

Жалпы сенбедім осы жерге келетінімді. Бірақ, өте қуыныштымын. Маған барлығы ұнады. Бүгін мен көптеген қызықты және пайдалы мәлімет алдым.

Экскурсия соңында балаларға Президент атынан сыйлықтар табысталды. Естелікке суретке түсті. Балалар ертең Елорданың басқа да көрікті жерлерін тамашалап, мәдени орталықтарын аралайды.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу