Президент жас ғалымдармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жас ғалымдармен кездесті

02.06.2024

Оңғар Алпысбайұлы, тілші

Бұл қазақ ғылымының қара шаңырағы. Алматыдағы ғылым ордасы. Соңғы жылдары ғимарат әбден ескіріп, тозған еді. Екі жыл бұрын Президент тапсырмасымен жөндеу жұмыстары басталды. Биыл толық аяқталады. Бастысы ғимараттың тарихи келбеті сақталады. Яғни, қазақтың көптеген көрнекті ғалымы қызмет еткен нысан әлі де отандық ғылымның игілігіне пайдаланылмақ. Бұның да символдық мәні бар. Ұрпақ сабақтастығы сақталмақ.

Қазір ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек осы екі саланы дамытуымыз керек. Ал, шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар ауадай қажет. Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Сондықтан инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құру маңызды. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда.

Салаға бөлінетін қаржы да ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. мамандарды шетелде өткізіп тағылымдамадан өткізуге де ерекше көңіл бөлінген. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды.

Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық Ғылым академиясының президенті:

Біздің болашағымыз жас ғалымдар сол. Бұлардың көбісі шетелде оқып келген. Бірнеше тілдерді біледі. Жаңа технологияны да алып келетін осылар. Шетелден барып білімге трансферт жасайтын да осы ғалымдар.

Шахислам Лайысханов, Ұлттық Ғылым академиясы жас ғалымдар кеңесі төрағысының орынбасары:

Қазір кезде ғылыми жобалардың үштен бірін жас ғалымдар орындап жатыр. Бұл үлкен әлеует. Кейбір мекемелерде жас ғалымдар сол мекемеде орындалатын жобалардың жартысын орындап жатыр. Бұл дегеніміз қазіргі кезде жас ғалымдар жетекші ғалымдармен терезесі тең зерттеу жұмысына қабілетті екенін көрсетіп отыр.

Иә, жас көңілде жарық бар. Мемлекет басшысы осы жастардың алдына нақты міндеті жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет. Біз осы көштің басында болуымыз керек.

Бүгінде біз қолда бар алтынның қадірін түсіне алмай отырмыз. Қазақстан әлемде табиғи уран өндіру бойынша бірінші орында. Біз оның игілігін көруіміз керек. Қазірдің өзінде елімізде энергия тапшылығы айқын сезіліп жатыр. Тағы 30 жылдан кейін еліміздің алдында көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсаты тұр. Бұның бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін. Дегенмен АЭС салып-салмауды жалпыұлттық референдум арқылы халықтың өзі шешетінін еске салды. Жалпы ғылым, кез келген саланы дамытушы негізгі күшке айналуы тиіс.

Айрат Базенов, Әлихан Бөкейхан университетінің проректоры:

Әрбір университет өзінің өңірінің даму бағытын анықтайтын Ал ұлттық университеттеріміз бен ғылыми зерттеу орталықтарымыз мемлекетіміздің даму бағыттарын, экономика, өндіріс, өнеркәсіп, саласындағы даму бағыттарын анықтайтын орталыққа айналуы керек.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Отандық ғылымның тағы бір маңызды міндеті – табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау әрі оның алдын алу. Кейінгі жылдары еліміз су тасқыны, сейсмикалық қауіп, энергетикалық ақау, құрғақшылық және эпидемия сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Болашақта мұндай апаттарға дайын болу үшін осы Алматыдағы Сейсмология институты, Тараздағы Қазақ гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіру ісі маңызды болып тұр.

Сондай-ақ мұнай химиясында дәстүрлі пластик және жаңа материалдар сияқты қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды жолға қою қажет. Тағы бір мақсат – аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамту. Ол ерен еңбекті талап етеді. Сондықтан аграрлық ғылымды дамытудың, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізудің мәні зор. Президент отандық денсаулық сақтау саласы халықтың орташа өмір сүру жасын ұзартуға ұмтылуы қажет,-деді. Біздегі бұл меже 75 жастан асты. Бірақ, әлемдегі жетекші елдерден ондаған жылға артта қалып қойдық.

 Ал еліміздің Еуразиядағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін нығайту үшін автокөлік, әуе және теміржол тасымалын дамытқан жөн. Бұл бағытта біраз проблема бар деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған. Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек.

Президент жиын барысында зорлық-зомбылық мәселесін де қозғады. Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға ерекше мән беріліп келеді. Арнайы заң да қабылданды. Екі аптадан кейін күшіне енеді. Жиынды қорытындылай келе мемлекет басшысы ғалымдарға жайлы жағдай жасалуы керек екенін тағы бір қайталап айтты. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып та жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді. Былтыр 284 ғалым баспаналы болған. Биыл тағы 200і қоныс тойын тойлайды. Оның бірқатарына президент пәтер сертификатын өзі табыстады.

Шынар Құлтаева, ғалым:

Әрине ақталды. Қаншама лобараторияда өткізген ұйқысыз түндер, қаншама жазылған мақалалар саны бәрі де осынын дәлелдеп тұр қазір. өте қатты қуаныштымын.

Ал негізінде мамандықтың жаманы жоқ деді президент. Елімізге барлық кәсіп иесі қажет. Өз ісінің хас шебері болған адам міндетті түрде табысқа жетеді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Түптеп келгенде, бұл – қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті жаппай дәріптеу деген сөз. Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін осы құндылықтар орнығуы қажет. Расында біз өркениеттің көшін қуып жететін емес, басып озатын модельді негізге алуымыз қажет. Әйтпесе, өзімізді өзіміз алдаусыратып жүре беретін әдеттен арыла алмаймыз.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу