Шымкентте субсидиядан қағылған шаруалар шығынға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте субсидиядан қағылған шаруалар шығынға батты

03.06.2024

Шымкентте субсидиядан үміт үзген шаруалар малын сатуға мәжбүр. Өйткені шаһар дербес қала мәртебесіне ие болғалы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің санаты өзгерген. Соның салдарынан қазірдің өзінде аймақтағы 17 ірі мал шарушалығы жұмысын тоқтатты.

Күнделікті 100 шақты сауын сиырдан түсетін пайда жем-шөппен бірге жұтылып барады. Шаруа мемлекет тарапынан сүттің литріне 30 теңгеден берілетін субсидия қаржыны бір жылдан бері ала алмай келеді. Қыстағыдай емес, жаз келіп сүттің бағасы да екі еседей арзандап кетті. Оның үстіне шетелден келіп жатқан сүт өнімдерін алмастырғыш арзанқол қоспалар шаруаны мүлдем шатқаяқтатып жіберді.

Қайрат Азаматұлы, шаруа қожалығының зоотехнигі:

Есептейтін болсақ, бір күнде 1 басқа 3500 мың теңге кетеді. Қазіргі уақытта біздің өткізіп жатқан сүтіміз 160-180 теңге. Өзінің жеген жем-шөбін ақтамай жатыр. Ертеңгі күні мұны жабайық десек, несиеге алынған малдар. Оны сатсақ банкрот боламыз.

Шымкент қаласындағы 30-дан астам сүт фермасында жағдай осы. Асылтұқымды сиыр өсіріп, одан сүт сауып отырған шаруашылықтың дені қала ұлғайып, облыстан ірге ажыратқан кезде шаһар аумағына қосылғандар. Меншігінде жайылымы мен егістіктері де бар. Ал бірақ электронды портал олардың жері елдімекен деп өтінімді қабылдамайды.

Жанна Жұмашева, шаруа қожалығының есепшісі:

Қазіргі программа бойынша біздің кадастрды енгізсең де, ИИН, БИИН-ді енгізсең де бізде жер жоқ болып шығады. Сондықтан жерің жоқ, соған сәйкес шарушалығың да жоқ дейді. Жоқ нәрсеге субсидия қалай беріледі? Сондай қиындық туындап, 8 айдан бері субсидия ала алмаймыз.

Шаруаны сүттің субсидясынан айырған «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы». Құжат бойынша мемлекеттік қолдау тек қарамағында ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланатын жері бар шаруаларға берілуі тиіс. Ал Шымкент мегаполис атанғалы бүкіл жері елдімекен мәртебесіне ие. Осыны айтып, ?Үкіметке арыз да жазылды. Комиссия да келіп тексерді. Министр мақұлдады. Бірақ нәтижесіз.

Талғат Мекенбаев, қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Комиссия бүкіл шаруаны көріп, актілерін түзіп, видео, фотоға, қала болса да шаруалар бар екенін көріп, алып кеткен. Қағидаға өзгеріс енгіземіз деген.

Бүгінгі таңда Шымкенттің территориясы 116 мың гектар болса, соның жартысына жуығы ауылшаруашылығы алқабы. 5 мыңнан астам шаруа қожалығы жұмыс істейді. Өзге өнімдерді айтпағанның өзінде фермалар былтыр 56 мың тонна сүт өндірген. Енді жаңа тұжырымдаманың арқасында шаруа қолдаусыз, халық азықсыз қалатын түрі бар.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу