Ақмола облысында 270 мектеп жоғары жылдамдықты ғаламтор желісіне қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 270 мектеп жоғары жылдамдықты ғаламтор желісіне қосылды

04.06.2024

Ақмола облысында 270 ауыл мектебі жоғары жылдамдықты ғаламтор желісіне қосылды. «Starlink» қондырғысы ең алдымен ұялы байланысы нашар аймақтардағы оқу ордаларында орнатылды. Енді оқушылар мен мұғалімдерге үздік білім платформалары толығымен қолжетімді.

Пилоттық режимде бастау алған жоба осыдан бірер ай бұрын жүзеге асырыла бастады. Артықшылығы жылдамдығы жоғары. Мұғалімдер мен оқушыларға да ыңғайлы. Space X технологиясының арқасында оқу ордасындағы ғаламтор жылдамдығы шамамен 150 мбитке дейін жеткен.

Сағыныш Алтынбек, оқушы:

Жаңадан келген ғаламтордың көмегі өте көп тиіп жатыр. Себебі, біз түрлі сабақтарды тереңірек оқып жатырмыз. Осы арқылы бізге өте көп мүмкіндік беріліп жатыр. Ноутбуктар арқылы түрлі программаларды ашып, сол арқылы жұмыс жасаймыз. Түрлі программаларды құрастырып, ойындарды да жасап шығарамыз.

«Starlink» қондырғысын орнатпас бұрын мамандар арнайы талдау жұмыстарын жүргізген. Яғни, ең алдымен ұялы байланысы нашар ауылдарды анықтап, кейін оқу орындарына ғаламтор желісін тартқан. Жалпы ел бойынша Space X технологиясының көмегімен 2 мыңға жуық білім ордасын интернетке қосу жоспарланып отыр.

Рүстем Күлниязов, облыстық Білім басқармасының жанындағы Аймақтық білім берудегі жаңа технологиялар орталығы директорының орынбасары:

Жалпы түгел Ақмола облысының барлық мектептерінде интернет жылдамдығы болды. Бірақ интернет жылдамдығы 8 мбит тен төмен деңгейде. «Starlink» құрылғыларын орнатқан соң ол мектептердің интернет жылдамдығы, жалпы Ақмола облысының мектептерінде интернет жылдамдығы нормативті құжаттарға барлығына сәйкес келеді.

Сондай-ақ, ұялы байланыс операторлары алдағы үш жылда шалғайдағы елдімекендерде талшықты байланыс желісін қосады. Бұл бастама «Қолжетімді интернет» жобасы аясында жүзеге аспақ.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу