Қос портта ірі теңіз көліктік-логистикалық кластері құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қос портта ірі теңіз көліктік-логистикалық кластері құрылады

04.06.2024

Ақтау мен Құрық порттарында ірі теңіз көліктік-логистикалық кластері құрылмақ. Бұл контейнерлерді өткізу қабілетін арттырып, жүктерді ауыстырып тиеу терминалдарын дамытуға мүмкіндік береді. Әкімшілік кедергі азаяды. Порттарда тағы қандай жобалар іске асады? Өңірдегі тілшіміз Аягөз Оралбайқызы тарқатады.

Құрық порты - Қазақстан мен Баку порттарын байланыстырып тұрған теңіз паром терминалы. Порт арқылы мұнай өнімдері, метал, дәнді дақылдар, халық тұтынатын тауарлар мен көліктер тасымалдануда. Былтыр жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 2 миллион тоннадан асты. Ал биыл жыл басынан бері 700 мың тоннаға жуық жүк өткізілген. Қазір портта транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша бірқатар жобалар іске асуда. Соның ең маңыздысы-теңіз түбін тереңдетіп, қосымша айлақтар салу.

Айтқали Нұрмағанбетов, Құрық портының сектор басшысы:
Қазіргі уақытта түбін тереңдету жұмыстарын жүргізетін компания анықталды. Аталған жұмыстар маусым айында басталып, жұмыстар порттың барлық акватория сында жүргізілетін болады. Бұл порт акваториясында қосымша 5 айлақ құруға мүмкіндік береді.

Биыл Құрық портында жаңа терминал іске қосылмақ. Нысан жылына 1 млн тонна астық сақтап, жөнелтуге қауқарлы. Бұдан бөлек, 8 айлақтың құрылысы басталады. Бұл, порт аумағында жүк тиеу алаңын 220 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб құрылысын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Жоба құны - 43 млрд 462 млн теңге.

Талғат Нағұманов, Ақтау теңіз сауда портының жетекші маманы:
Контейнерлік хаб - бірлескен жоба. Қазіргі уақытта корпоративтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр Оны Ақтау теңіз сауда порты, қазақстандық мультимодальдық логистика компаниясы мен қытайлық «Ляньюньган» порты жүзеге асырады. Хаб Ақтау су айлағы арқылы 2025 жылы 92 мың, ал 2034 жылы 200-300 контейнер қабылдап, жөнелтуге мүмкіндік береді деп жоспарланған.

Каспий теңізінің деңгейінің түсуі Ақтау портының да жұмысына да әсер етіп жатыр.Сондықтан бұл айлақта да теңіз түбі тереңдетіледі. Ол үшін геологиялық барлау жасалып, жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Бірақ бастысы, порт қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Биыл 4 айда жалпы көлемі 1,5 млн тоннадай әртүрлі жүк өткізді.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу