Шымкентте «Туымыз-төрімізде» атты жалпыұлттық акция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте «Туымыз-төрімізде» атты жалпыұлттық акция өтті

04.06.2024

«Туымыз-төрімізде» атты жалпыұлттық акция аясында Шымкентте мемлекеттік рәміздеріміз ұлықталды. Жастар орталық көшелермен шеру тартып, әнұранды шарықтата шырқады. Мерекелік шаралар Рәміздер алаңынан бастау алды. Салтанатты жағдайда еліміздің Елтаңбасы мен Туы әкелініп, шаһар көпшілік Әнұранды қосыла шырқады.

Мерекеде әскери оркестрдің сүйемелдеуімен патриоттық рухтағы әндер шырқалды. Әр шымкенттіктің қолындағы көк жалаулар рухты көтерді. Мемлекеттігіміздің қастерлі нышандарына бұлай құрмет көрсету баршамызды ортақ құндылық аясына біріктіріп, болашаққа деген нық сенім қалыптастырады,- дейді жастар.

Ақжүніс Егемберді, студент:
 Біз үшін рәміздер өте қастерлі. Әрбір азаматтың жүрегінде патриоттық сезім ояту үшін мемлекеттік рәміздердің алатын орны айрықша. Мемлекеттік рәміздер күнінің осындай керемет жағдайда тойланып жатқанына қуаныштымын.

Мемлекетіміздің қастерлі белгілеріне құрмет көрсеткен салтанатты жиынды мегаполиске саяхттап келген бір топ турист те қызықтады.

Штефан Кайзер, турист:
Шымкентпен танысу үшін Германияның Франкфурт қаласынан келдім. Сапарымыздың осындай мемлекеттік маңызды мерекемен тұспа-тұс келгені өте жақсы болды. Сіздердің туларыңыздың түсі ашық аспан, бейтішлік пен өркендеп даму сияқты дүниелермен астасып жатқандай көрінді.

Бойға мақтаныш сезімін ұялатқан осындай шаралардан соң жастар көк байрақты қолға алып, патриоттық шеру өткізді. Олар Ордабасы алаңынан бастап шаһардың орталық көшелермен жүріп өтіп, мерекенің айбынын асқақтатты.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу