Мемлекет басшысы елордадағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы елордадағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралады

05.06.2024

Қазақстан ғана емес аймақтағы бірегей медициналық мекемелер. Елордада жаңа заманауи емдеу орындары пайдалануға беріледі. Ұлттық ғылыми онкология орталығында жаңа корпус ашылып, қатерлі дертті емдеу ісі жүйелендірілмек. Бұл жерде онкологиялық ауру бойынша он шақты орталық құрылады. Мемлекет басшысы бүгін Астанадағы әлеуметтік нысандарды аралап, саналы ұрпақ тәрбиелейтін жаңа орталықтың жұмысымен де танысты.
SANA Sport орталығы. Елорданың оң жағалауында, халық тығыз, оқушы көп ауданда бой көтерген. Мұнда спорт, шығармашылық, білім бағыттары бойынша 29 үйірме жұмыс істейді. Заманауи нысанның жұмысымен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев жас өрендерге сәттілік тілеп, қолтаңба қалдырды.

Кешенде 4 мың баланың қосымша білім алуына жағдай жасалған. Спортпен шынығып, білімін шыңдаған балалар роботтардың тілін меңгеріп жатыр. Мемлекет басшысы барған келесі нысан Ұлттық ғылыми онкология орталығы. Мұнда жаңа корпус салынып жатыр. Тамыз айында пайдалануға берілмек. Ол жылына 6 мың науқасты қабылдай алады. Қатерлі ісіктерді диагоностика жасауға және емдеуге арналған ең озық құралдармен жабдықталған. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, ғылыми-техникалық бағдарламалар жүзеге асырылады. Сонымен бірге онкологиялық көмек көрсету бойынша ұлттық үйлестірушіге айналады. Бұл корпусты салу денсаулық сақтау саласындағы басым міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңа медициналық мекеме құтты болсын. Әлемде мұндай орталықтар өте аз. Бұл біздің аймақтағы медициналық тәжірибе мен ғылымды ұштастыратын озық мекеме болмақ.
Отандық медицинадағы тағы бір бірегей мекеме. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы. Аты айтып тұрғандай дереу емді қажет еткен науқастарға көмектеседі. Авиацияны кеңінен қолданады. Жаңа кешен 250 орынға шақталған. 29 бағыт бойынша емдеу ісін жүргізетін 9 клиникалық департамент құрылады. Президент мобильді компьютерлік томограф және ең озық жүйемен жабдықталған операция залдарын аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы аймақта мұндай мекемелер жоқ. Шын мәнінде бірегей деп айтуға болады. Баршаңызды құттықтаймын. Үлкен-үлкен жетістік. Мұндай мекеме қазақстандықтар үшін өте қажет. Сондықтан бұны медицинамыздың үлкен жетістігі деп айтуға болады.
Мемлекет басшысы мұндай бірегей нысанның іске қосылуын отандық медицинаның зор жетістігі деп бағалады. Сонымен қатар мекемеге білікті мамандарды көптеп тарту қажеттігін айтты. Ұжым жұмысына табыс тілеген Қасым-Жомарт Тоқаев орталыққа арнайы көлік сыйлады.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу