Президент шахматшы қыздың арманын орындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент шахматшы қыздың арманын орындады

05.06.2024

Мемлекет басшысы SANA Sport орталығын аралағанда шахматтан екі дүркін Әлем чемпионы Айару Алтынбекке сыйлық табыстап, сәттілік тіледі. Жас шахматшы бұған дейін Президентке хат жазып, кездесу жайында өтінішін жеткізген еді. Бүгін жүздесудің сәті түсті.

Бұл – 13 жастағы астаналық Айару Алтынбектің бір ай бұрын Перуде өткен оқушылар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған сәті. Екінші мәрте әлем чемпионы болып елге оралған соң Айару қуанышын Мемлекет басшысына жеткізуді ұйғарады.

Айару Алтынбек, шахматтан екі дүркін Әлем чемпионы:
Сол кезде анам екеуміз ойланып, Президентке хат жазып көрейік дедік. Президент өзі шахмат жақсы көретінін білемін. Соған айтып мақтанайын деп едім, өзімді айтқым келді.

Жазған хатында Айару өзін Мемлекет басшысына таныстырып, жеткен жетістігін тізіп шығады. Ал сөз соңында Президентпен кездесіп, қолтаңбасын алғысы келетінін жеткізеді.

Бүгін жас чемпионның арманы орындалған күн болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мә, саған кітап, өзімнің қолтаңбаммен.
 Айару Алтынбек, шахматтан екі дүркін Әлем чемпионы:
«Айару қайда, Айару қайда» деп мені іздеп келді. Президент мені іздеп келгеніне өте қуанышты болдым. Мен осыдан кейін одан да көп жұмыс істеп, одан да көп еңбек етіп, әйелдер арасында әлем чемпионы болғым келеді.

Мемлекет басшысы Айаруға табыстаған «Әке туралы ой-толғау» атты авторлық кітабына «Аманшылық тілеймін» деп ізгі ниетін білдіріп, қолтаңбасын қалдырыпты. Тағы да қосымша сыйлық жіберетінін айтып, жас спортшыны қуантып қойды. Үкілеп үміт артып отырған ата-анасын да.

Индира Байтемірова, Айарудың анасы:
Алты жасынан бастап бердім. Жазғы демалыстарда бос отырмасын деп. Содан бастап Айару өзін көрсете бастады, алып кетті. Қазір, міне, әлемнің екі дүркін чемпионы болып отыр.

Айару Алтынбек – үйіндегі төрт баланың екіншісі. Төртеуі де шахматшы. Олар да жеңістен кенде емес. Ал Айарудың бүгінгі кездесуі оларды одан да жоғары табысқа жетуге жігерлендіре түскен шығар.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу