Петропавлда 53 отбасы жаңа баспанаға ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда 53 отбасы жаңа баспанаға ие болды

06.06.2024

Петропавлда тасқыннан зардап шеккен 53 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Табиғи апат кезінде қалада 2 мыңнан астам үй су астында қалып, оның 60 пайызға жуығы жөндеуге жарамсыз деп танылған еді.  Бұған дейін «Солнечный 2» аталып келген шағын ауданға «Бірлік» деген атау берілді.   

Эльмира Кәленова, тілші:

3 бөлмелі үйдің жалпы аумағы 80 шаршы метр. Жайылы өмір үшін барлығы жасалған. Бұл шаңырақ 5 балалы отбасына бұйырды. Міне, туған -туыс қуанышты атап өтіп жатыр. Аға жаңа шаңрағыңыз көңіліңізден шықты ма?

 Бірлік Баекин, Петропавл қаласының тұрғыны:

Өте керемет. Шын жүректен көп рахметімді айтамын. Не болады, қалай болады деп ойлап жүр едік, енді бүгін ол ойлар қалды.

Жұлдыз Баекина, көпбалалы ана:

Толқып та тұрмыз. Қуаныштың да жасы бар. Мынадай үй болады, біз аламыз деп ойламаған едік. Әкімшіліктің, басшылардың, халықтың көмегімен мынадай 3 бөлмелі пәтерге қолымыз жеткеніне қуаныштымыз. Балаларға да міне, жеке бөлме, әрқайсысымызға. Тамаша!

 Эльмира Каленова, тілші:

Небәрі 5 аптада жазық далада мынадай әдемі үйлер пайда болды. Ішінде тұрмыстық техника мен жиһазы да бар. Күні кеше үйлері судың астында қалып, өздері қайғы-мұңға батқан тұрғындардың қуанышында бүгін шек жоқ.

Аға, жаңа шаңырақтарыңыз құтты болсын! Жаңа үй аламын деп күткен бе едіңіз?

Шәкен Мырзахметов, Петропавл қаласының тұрғыны:

Жоқ, күткен жоқпыз. Міне, өте қуаныштымыз. Жыладық деп айтуға да болады. Ойладық, шаңырақсыз қалдық. Енді міне, өте көп рахмет, көмектесіп жатыр.

Эльмира Каленова, тілші:

Бірлік кенті шағын қалашыққа айналмақ. Жуырда бұл жерде 90 орындық балабақша мен «жайлы мектептің» іргетасы қаланды. Барлығы 700 үй салынады. Жоспарға сай құрылыс жұмыстары қыс түскенге дейін аяқталуы тиіс.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу