ШЫҰ елдеріне ортақ банк құрылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШЫҰ елдеріне ортақ банк құрылуы мүмкін

07.06.2024

Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдеріне ортақ банк құрылуы мүмкін. Бұл туралы Ташкентте өткен ұйым сарапшыларының форумында айтылды. Ал шілде айына жоспарланған Астана саммитінде Беларусьтің ШЫҰ- на толыққанды мүше ретінде кіруі бойынша шешім қабылданады.

Ұйымға мүше елдерге ортақ қор немесе банк құру бастамасы осыдан біршама уақыт бұрын көтерілген. Халықаралық беделді ұйым үшін экономикалық ынтымақтастықты арттыру маңызды. Бұл ретте қаржылық институттың құрылуы қай жағынан алғанда да тиімді болмақ, -дейді сарапшылар

Санжар Мұхамбетов, Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы ұлттық стратегиялық бастамалар институтының директоры:

Ортақ қор немесе банк құру бойынша ұсынысты біз қолдаймыз, ұйым экономикалық жобаларды дамытуды көздейді. Сондықтан интеграция маңызды. Ол үшін қаражат керек, ал қаржыны сол қор немесе банктен алуға мүмкіншілік болады деген ойдамыз

Ал шілде айында өтетін Астана саммитінде Беларусьтің ШЫҰ- на толыққанды мүше ретінде кіруі бойынша шешім қабылданады.Ұйымның Бас хатшысы осылай деді. Құрылғалы бергі 20 жылдан астам уақытта ұйым ауқымды халықаралық алаңға айналды

Мурат Бахадиров, сарапшы /Өзбекстан/:

Шанхай ынтымақтастығы ұйымының беделі артып келеді, қосылғысы келетін елдер саны уақыт санап өсуде. Енді ғана құрылған уақытта, яғни, 2001 жылы мүше мемлекеттер саны 6 ғана болса, қазір 26 ға жетті. Болашақта бұдан да артуы мүмкін. Ең бастысы халықаралық ұйым өзінің басты ұстанымынан таймауы керек дер едім.

Бұл жолғы шараны Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты ұйымдастырған. Оның жұмысына 10 елден 40-тан астам сарапшы қатысты.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу