Петропавлда баспанасыз қалған тұрғындардың мәселесі қыркүйекке дейін шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда баспанасыз қалған тұрғындардың мәселесі қыркүйекке дейін шешіледі

07.06.2024

Петропавлда тасқын салдарынан баспанасыз қалған азаматтардың мәселесі жаңа оқу жылына дейін толық шешімін табады. Бүгінгі күні 204 отбасына пәтер, тағы 53-не жаңадан салынған жер үйлер табысталды. Өңірге жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қоныс той иелерін құттықтады. Жаңа ауданда балабақша мен «жайлы мектептің» құрылысы жүріп жатыр. Қыркүйек айына дейін 700 үй қолданысқа беріледі. 400-і панельден салынады. Заманауи материалдың ерекшелігі баспана - 8 сағатта құрастырылады.

Дінмұхамед Құсайынов, құрылыс компаниясының басқарушы директоры:
100 баспананың іргетасы қаланды. Бұл жоба Солтүстік Қазақстанның климатына сәйкестендіріліп жасалды. Үйлер жылы болады. Құрылыс кестеге сай жүріп жатыр.
Премьер-министр су басқан үйлерді жөндеу барысын да қадағалады. Облыс орталығында 718 баспан қалыпқа келтіріледі. Бұл жұмысқа механикалық бригадалар жұмылдырылған. Олжас Бектенов сапаға мықтап мән беру қажеттігін айтты.

Анатолий Плешаков, Петропавл қаласының тұрғыны:
Біз үйді өз күшімізбен қалыпқа келтіре алмайтын едік. Мемлекеттің көмек беріп жатқаны жақсы болды. Үйіміз ойдағыдай жөнделіп жатыр.
Тасқын кезінде сорғы станциясын су басып, қала тұрғындары бір тәулік бойы тіршілік нәрінсіз қалды. Жағдай қайталанбас үшін резервтік су көзін салу қажет. Үкімет басшысы облыс әкімдігіне қаржы министрлігімен бірлесіп жобаны іске асыруға қаражат бөлу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Эльмира Кәленова 

Хабарламаларға жазылу