Елімізде сұйық май бағасы 40 пайызға арзандаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде сұйық май бағасы 40 пайызға арзандаған

07.06.2024

Елімізде былтырдан бері сұйық май бағасы 40 пайызға арзандады. Өйткені, экспортқа кететін шикізат көлемі азайған. Бұған шаруа қожалықтарына былтырдан бері салынып келе жатқан кедендік баж әсер еткен. Десе де, май зауыттарына әлі де майлы дақыл жетпей отыр. Бүгін осы мәселе Алматыда өткен үшінші халықаралық май конференциясында айтылды. 
Еліміздегі май шығаратын 44 зауытқа әлі де шикізат жетпейді. Өйткені, өзіміздегі алқаптардан 1 миллион тоннадан астам шемішке жиналады. Ал өндіріс орындарының жалпы қуаты 3 миллион тоннадан асып жығылады. Зауыттар Ресейден де күнбағыс алуға тура келетінін айтып отыр. Осылайша, шамамен 200 мың тонна шикізат көрші елден әкелінеді екен. Кәсіпкерлер, күнбағысты экспорттауға түбегейлі тыйым салу керек деп есептейді.
Рафхат Фаизов, май шығарушы кәсіпорынның директоры:
Меніңше, шикізатты түгел өзімізде қалдыру керек. Содан кейін сырттан заңсыз тауардың өтуіне жол бермеу керек. Бұл ішкі нарықты құлдыратады. Қазір шикізат жетпегеннен кейін біраз зауыттың жұмысы тұралап тұр. Осы күні күнбағыстың тоннасын 160-170 мың теңгеден аламыз. Ал Ресейден әкелінетін дайын май өнімдері бізден 15 пайызға арзан.
Өзімізде жиналатын сол 1 миллион тонна күнбағыстың 20 пайызы экспортталады. Көбі Қытайға кетеді. Жауапты министрлік, былтырдан бері тоннасына 100 еуродан кем емес кедендік бажды енгізіп, сыртқа кететін өнімнің көлемін біршама азайттық деп отыр.
Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:
Майлы дақылдардың тұқымдарын экспортқа шығаруға шектеу қойлып отыр. Шектеу экспорттық кедендік баж ретінде қойылған. 2022 жылы күнбағыстыкі 346 мың тонна болса, 2023 жылы 237 болып тұр, төмендеп отыр.
Осылайша, шаруа қожалықтарына отандық май зауыттарына өнімді өткізген әлдеқайда тиімді болады деп топшылап отыр. Ал Ресей тарапы өздерінен күнбағысты экспорттауға кез-келген уақытта шектеу қоюы мүмкін. Мұндай жағдай екі жыл бұрын күзде болған. Осыны ескерген сарапшылар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бажбен шектеу жасау тәсілі тиімді екенін айтады. Бұл дайын өнімнің бағасына да әсер ететіні тағы бар.
Ядыкар Ибрагимов, Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы:
Сұйық майдың бағасы жыл басынан бері түсіп келеді. Мәселен, қаңтардан маусым айына дейін зауыттағы негізгі бағасы литріне 50-60 теңгеге түсті. Былтыр қаңтарда орташа баға 750 теңге болса, қазір 450 теңге. Біздің болжам бойынша, сұйық май бағасы енді алдағы уақытта қымбаттамайды, нарық тұрақталды деуге болады.
Сондай-ақ, биыл майлы дақылдар алқабының аумағы тағы 57 мың гектарға ұлғайып, күнбағыс бас-аяғы 1 млн гектарға жиналмақ. Бұл осы уақытқа дейін болмаған рекордық көрсеткіш,- дейді сала мамандары.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу