Созақ ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығы аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Созақ ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығы аталып өтті

08.06.2024

Түркістан облысының Созақ ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығы аталып өтті. Өзбекстаннан келген делегация мен елдегі зиялы қауым өкілдері Алаш азаматының еңбектеріне тоқталды. Ғылыми-тәжірибелеік конференцияда тың деректерді жария етілді.
20-ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азияның көрнекті қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов бірінші кезекте ұлттық мүддені ойлады. Бұл бағытта аянбай күресті. Елдің экономикалық, әлеуметтік мәдениет мәселелерін шешуге бар күшін салды. Конференцияға қатысқандар Алаш азаматының еңбектерін әлі де зерттеу қажеттігін атап өтті.
Нариман Нұрпейісов, ғалым:
Орынборда тұрған астанамызды 1925-ші жылы Ақмешітке атын өзгертіп, Перовский дегер Ресейдің қасіретінен құтқарып, қаланың атын Қызылорда деп астанамыз етті. Егер Орынборда астанамыз қалып кеткенде, біз башқұрт, татар сияқты сол елдің бір бодан елі болып қалар едік.
Ақсүмбе ауылының тумасы Сұлтанбек Қожанов ауылшаруашылығын дамытуға да зор үлесін қосты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Өзбекстанда қызмет атқарып жүріп, ирригация университетін ашты. Тек малмен күнелткен халықты Ташкент қаласына жақын ауылдарға шоғырландырып, жер игеруге бейімдеді. Су шаруашылығын дамытып, каналдар қаздырды. Мырзашөл өңірінің гүлдендіріп, мақта шаруашылығын дамытты. Қожановтанушылар конференция бырысында бұрын соңды айтылмаған тың деректерді жария етті.
Әбурайра Манахов, ғалым:
Бұл кісінің алға қойған мақсаты - ауылшаруашылығы өнімдерін өсіру, содан пайда табу, елді сонымен байыту. Қазақстанда мақта шаруашылығын бірінші ұйымдастырған азамат. Ол кісі Англияда шыққан тракторды 1933-ші жылы бірінші рет мақта плантациясына алып келген.
Ниязәлі Дүйсенбек С. Қожанов атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры:
Бүкіл қазаққа Сұлтанбек Қожановтың атын таныту үшін ең бірінші кезекте мектеп оқулығына енгізілуі керек. Мектеп оқулығын оқыған баланың есінде жатталып қалады. Екіншісі С. Қожанов туралы деректі фильмдер жоқ емес, бар. Бірақ көркем фильм түсірілмей жатыр. Көркем фильм халыққа тең сіңімді, тезірек жеткен болар еді деп ойлаймын.
Қазақстың ардақты ұлы, қоғам қайраткерін еске алған көпшілік оның ескерткішіне тағзым етті. Шолаққорған ауылынан ашылған музейді тамашалады. Бұл күні сондай-ақ, «Қожановтану әлемі» кітабы мен «Рух» атты көркем-публицистикалық журнал таныстырылды.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу