Мектептегі лагерь. Жазғы демалысты қалай ұйымдастыру керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептегі лагерь. Жазғы демалысты қалай ұйымдастыру керек?

09.06.2024

Қала балаларының жазғы демалысы. Маусым айының ортасына дейін жазғы мектептер жұмыс істейді. Олардың ішінде атына заты сайы да, тек есеп үшін ашылғандары да бар.

Екінші жағынан, балаға әдеби шығарма, кітап оқыту бойынша ата-аналар қандай әдістер қолданады екен? Уақытты босқа өткізбеудің басқа қандай варианттары бар? Баланың жазғы демалысын барынша мінсіз өткізуі үшін не істеген керек? Бұл бәрімізді мазалайтын сұрақтар.

Хабар басында айтқан 13 жастағы әлем чемпионы Айару Алтынбектің анасы Индира Байтемірова «Айаруды шахматқа алты жасынан бастап бердім. Жазғы демалыстарда бос отырмасын деп» деді. Көрдіңіз бе, жазғы демалысты дұрыс ұйымдастырудың маңызы өте зор! Мәселе чемпиондықта емес, әрине. Білсем, үйренсем және жетсем деп тұратын адам қалыптасуына ықпалдасады. Солай сияқты.

Серік Жұмабек қалалардағы мектеп жанынан ашылған лагерь дегеннің не екенін таразылап көрді. Баласы үш күн барып, бармай қойған сенатордың уәжі бар.

Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы:

Қазіргі біздің айтып отырған лагерлердің барлығы қосымша білім беру деуге болады. Бірақ, лагерь емес.

Серікгүл Сәли, психолог:

Мен ешқашан млн дегенге жіберіп көрген жоқпын. 100 мың, 150 мың деген лагерьлер бізде өте көп және олардың сапасы сын көтере алады.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ата-аналар балаларын лагерьге жіберуге қорқады. Және балалар демалысын бизнес көзіне айналдыру бар.

Серік Жұмабек, тілші

Ата-аналардың лагерьге бала жіберуге қорқатыны рас. Себебі, салада шикілік көп. Былтыр Алматыдағы «Арман дала» сауықтыру орталығы ерекше күтімді қажет ететін балаларды армандаған даласына емес, су толы саунасына қамап ұстағаны есімізде. Мемлекет 107.8 миллион теңге бөлген. Өкініштісі, мектеп оқушылары моншадан табылды.

Оқу ағарту министрлігі биыл 1-10 сынып аралығындағы 3 млн-ға жуық оқушы жазғы демалыс орындарына барады, оған қажетті лагерьлердің саны да жеткілікті деп есеп берген.

Алтай Рахимберлин, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы:

Еліміз бойынша 10 мыңнан астам жазғы сауықтыру орталықтары жұмыс істейді. Оның ішінде 182 маусымдық жазғы сауықтыру орталығы, 16 маусымдық, 200-ден астам шатырлы және киіз үйлі лагерьлер жұмыс атқарады. Сондай- ақ 10 мыңнан астам мектеп жанындағы сауықтыру орталықтары жұмыс атқарады.

Министрлік өкілі айтқан сауықтыру орталықтарының санына қарап барлық бала барса болады екен ау деп ойлайсыз. Бірақ, олай емес. Алдымен оқуда озат оқушыларға, мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына басымдық беріледі. Ал, жолдамасы жоқтар қайда барады?

Серікгүл Сәли, психолог:

Ауылда тұратын жақындары жоқ адамдар көп. Сондайдың біреуіне мен жатам, мен баламды жіберейін десем біздің ауылда бірде-бір туыс-туғанымыз жоқ. Ата-әжесі де жоқ, біз қайда жібереміз баланы.

Қала баласы үшін басты проблема осы. Олар не ауылға, не лагерьге баруы керек. Таңдау болмаса телефонға телміріп үйде отырады. Мемлекет сол үшін мектеп жанындағы лагерьлерді ашуды қолға алынған. Мысалы, Астанадағы №88 мектеп- лицейінде биыл этнолагерь ұйымдастырылды. Күніне 330-дан астам бала қатысады.

Жанат Тұрысбекқызы, Қадыр мырза әлі атындағы №88 мектеп-лицейінің директоры:

Біздің мақсатымыз қала балаларының ұялы телефонды ұстап үйде қамалып отырып қалмай осы жерде ұлттық тәрбиені дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды көрсету мақсатында өткізіліп отырған этнолагерь бұл.

Жаңа айтқан 3 млн-ға жуық оқушының 2.6 млн-ы мектеп жанындағы лагерьлерге барады. Яғни, балалардың дені білім ошағында жазғы демалысын өткізуге мәжбүр. Ал мамандар мектептерде лагерь ұйымдастыру мұғалімдерге артық жүктеме және шарасыздықтан жасалған нәтижесіз жұмыс деп санайды.

Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы:

«Балдаурен» секілді Бурабайдағы лагерлер бар. Бірақ, ол өте аз. Қазір халыққа жетпейді. Сондықтан амалсыздықтан мектептің қасынан ашып жатыр, былтырлары саунадан ашып жатыр. Лагерь дегенді мұлдем басқаша қарастыруымыз керек. Бұл мектептен бөлек нәрсе, теория емес практиканың мәселесі және де тағы айтам бұл сауықтандыру мәселесі. Демек, лагерьлерде болған бала бұлар өмірге дайын балалар болу керек.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Лагерь жұмыс істейді деп министрліктің берген есебіндегі соның 10300-і мектептердегі қосымша сағаттарды лагер деп отыр, ол лагерьге жатпайды. Олардың бағдарламасына баланың өзінің қызығушылығы жоқ. Жыл бойы мектеп мұғалімі балалардан жалыққан мұғалім және мұғалімнен жалыққан балалар демалыс уақытын қалай ол өткізгісі келеді, миға сыйымсыз. Мен өз балам 3 күн барды одан кейін барғысы келмей қалды.

Ақшасы бар ата-аналар баласын жекеменшік лагерьлерге жібереді. Мысалы, шетелде білім алып, елдегі бірнеше белді компанияда жұмыс істеген Олжас Сұлтанбеков 2018 жылы жасөспірімдер академиясын құрған. Қазірге дейін 2000-нан астам бала академия жанындағы 10 күндік лагерьден өтіпті. Бағасы да арзан емес.

Олжас Сұлтанбеков, «Atlas» жасөспірімдер академиясының негізін қалаушы:

Бағасы туралы сұрасаңыз ол 200 мыңнан бастап 300 мыңға дейін.

Серік Жұмабек, тілші:

Мектеп жанындағы лагерьлер толықтай тегін. Тек, тамағына 620 теңге төлесе жеткілікті. Ал жекеменшік лагерьлердің бағасы ғана емес бағдарламасы да бөлек. Оларға білім басқармасы нұсқаулық бермейді, өздері жазады. Қала берді шетелдік тәжірибені интеграция жасап қолданады.

Олжас Сұлтанбеков, «Atlas» жасөспірімдер академиясының негізін қалаушы:

- Министрліктің немесе әкімдіктің тарапынан қандайда бір нұсқаулық жоқ па?
- Жоқ. Біз жекеменшік өзіміз істейміз, өзіміз білеміз қалай істейтінін.

Бағдарлама дегеннен шығады. Лагерьдің өту уақыты мен мерзіміне қатысты да нақты талап жоқ. Тіпті, онда жұмыс істейтін мамандар арнайы оқыту курстарынан өтпейді екен.

Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы:

Негізі лагерьде жұмыс істейтін адамдардың барлығы лагерьге бейімді адамдар болу керек. Бізде өкінішке орай лагерьде істеп жатқан мұғалімдер болсын, тәлімгерлер болсын олардың барлығы жаңағы мектепте жұмыс істейтін адамдар. Олар теоретиктер. Мүмкін ол мұғалімдердің ішінде ешқашан лагерьде болмаған мұғалімдер бар, көрмеген лагерьдің не екенін.

Сенатор Бибігүл Жексенбай баға мен жауапкершілікті қатар заңдастыру керек деп санайды. Себебі, елімізде лагерь жұмысын реттейтін заң нормасы мен бірыңғай стандарттар толық енгізілмеген. Сәйкесінше лагерь ашу тым жеңілдеп кеткен.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бағасы өте қымбат ананы үйретеміз, мынаны үйретеміз дейді. Нақты бағдарламасын сұраған кезде бұл коммерциялық құпия біз бермейміз дейді. Мен баламды берем, ақшасын берем бірақ ол маған бағдарламасын бермейді. Яғни, бұл жерде бізде тағы да заңның жоқтығын пайдалану. Ресейдің осы лагерьлер балалар демалысын реттеуге қатысты қарап едім 500-ге жуық заңнамалық құжаттары бар. Қазақстанда әзірге бір ғана заң, оның өзі толықтыруды қажет етеді.

Серік Жұмабек, тілші:

Лагерьлерге лицензия беру 2025 жылдан бастап іске асады деген жоспар бар. Бірақ, бұл бастама саладағы түйткілді түбегейлі шеше ала ма? Біз қауіпсіздік пен сапа туралы айтып отырмыз. Ал, баланы лагерьге жібермей- ақ жазғы каникулды тиімді әрі пайдалы өткізуге келсек, ол бірінші кезекте ұрпақ тәрбиесін ата-ананың қаншалықты түсінетіндігіне байланысты секілді. Бірге кітап оқу, серуендеу, жүгіру, үйірмеге апару сияқты. Тіпті, балаларымызға еліміздің көркем жерлерін аралатқанға не жетсін! Дегенмен мәселе қаржыға да барып тіреледі. Соған байланысты мақсатты бағдарлама дайындалса нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ жұрттың жазда пойыздар мен ұшақтарға билет таппай қиналып кететінін ойласақ, ол арманның іске асуы неғайбіл.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу