2028 жылы Астанада Дүниежүзілік мұнай конгресі өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2028 жылы Астанада Дүниежүзілік мұнай конгресі өтеді

10.06.2024

2028 жылы Астанада Дүниежүзілік мұнай конгресі өтеді. Бұл туралы KAZENERGY қауымдастығы және Дүниежүзілік мұнай кеңесі басшылығының Лондондағы кездесуінде айтылды. Тараптар арнайы меморандумға қол қойды.

Дүниежүзілік мұнай конгресін Қазақстанда өткізу туралы өтінім бұған дейін де берілген. Бірақ осы жолы ғана ұсыныс қолдау тапты. 4 жылдан кейін Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен мәртебелі меймандар келіп, энергетика саласының болашағын талқылайды.

Мағзұм Мырзағалиев, «Kazenergy» қауымдастығының төрағасы:

Осы конгрестің өтуі бізге не береді? Ең бірінші, Қазақстанға жаңа технологияларды, жаңа инвестицияларды, Қазақстанның жалпы энергетикалық держава ретінде ашылуына, әрине, оң әсер беретіні сөзсіз.
Конгресті өткізуге бюджеттен қаражат бөлінбейді. Шығындарды Дүниежүзілік мұнай кеңесі және қатысушы елдер көтереді. Шара аяқталған соң Атырау қаласында мұнай мұражайын ашу жоспарланып отыр.

Педро Мирас, Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті:

Дүниежүзілік мұнай кеңесіне 57 мемлекет мүше. Олардың үлесіне әлемдегі мұнай мен газдың 95 пайызы тиесілі. Астанада өтетін конгрестен күтеріміз көп.
Еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бойынша бейтараптыққа қол жеткізуге бейілді екендігін мемлекет басшысы нақты айтты. Сондықтан конгресте климаттың өзгеруіне қарсы күрес тақырыбы да басты назарда болмақ.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу