Қобда ауылында 119 үй салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қобда ауылында 119 үй салынып жатыр

10.06.2024

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 641 үй салынуы тиіс. Қазір оның 487-сінің құрылысы басталды. Әсіресе, Қобда ауданында жұмыс қарқынды. Мұнда 150 баспана тұрғызылады. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қобда ауылында 119 үй салынып жатыр. Құрылыс материалдары толықтай жеткізілген. Ондаған баспананың қабырғалары қаланып, тіпті кейбірінің төбесін жабу жұмыстары жүріп жатыр.

Жаңа үйлердің құрылысы аяқталғанын асыға күтіп жүргендердің бірі – Нұрсұлу Бекеева.Тасқын кезінде оның да баспанасы суға кетіп, тұруға жарамсыз болып қалған. Салынып жатқан үйлердің сапасы оның көңілінен шығып отыр. Қобдадағы ондаған отбасыға қоныс тойын тойлайтын уақыт та алыс емес.

Нұрсұлу Бекеева, Қобда ауылының тұрғыны:

Құрылысқа қанағаттанып жатырмыз. Келіп, құрылысшылар жұмыс істеп жатыр. Қарап кеттік алдында да. Өзімізге ұнап тұр. Соған қуанып отырмыз.

Аудан бойынша 150 үй салынуы керек. Оның 133-і Қобдада, қалған 17-сі Жарық ауылында. Құрылыс жұмыстарына он бес мердігер компания тартылған. Жаңа баспаналар су келмейтін, биік жерден тұрғызылып жатыр. Инженерлік желілері де қосылған.

Қанат Мыңбаева, Қобда ауданы әкімінің орынбасары:

Қазіргі уақытта 89 үйдің барлық коммуникациясы жасалынды. Өзеріңіз көріп тұрғандай, газы, суы – бәрі келіп тұр. Қалған 34 үйге жоба жасалып жатыр. 

Құрылыс жұмыстары толығымен екі ай көлемінде аяқталуы тиіс. Осылайша, Қобда ауылының шетінен бір типтегі әдемі үйлерден тұратын бірнеше көше пайда болмақ.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу