85 жастағы дәрігер халықаралық академия ашпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

85 жастағы дәрігер халықаралық академия ашпақ

11.06.2024

Таразда 85 жасқа келген кардиохирург әлі күнге операция жасап, мыңдаған адамға жаңаша өмір сыйлап келеді. Академик Сейітхан Жошыбаев осы жасына дейін 3 мың адамның жүрегін қайта соқтырған. Кардиохирург күні бүгінге дейін шәкірт шыңдап, медицина ғалымдарын тәрбиелеуде. Ауырған жандардың алғысын алған білікті маманмен әріптесім Данияр Әлімқұл кездесті.

Сейітхан Жошыбаев осылай таңсәріден науқастардың жүрек соғысын санап, ақауын анықтайды. Ол еңбек жолын 22 жасында жалпы хирург болып Бішкекте бастаған. Ал 27 жасында жүрекке ота жасайтын дарынды дәрігерге айналады. Мәскеу асып аспирантураны аяқтаған дәрігер кешегі КСРО-ның да үздігі атанған. 85 жастағы хирург «операцияны мүлтіксіз жасау үшін мамандығыңды шын сүюің керек»,-  дейді.
Сейітхан Жошыбаев, Кардиолог, медицина ғылымдарының докторы:
Хирург сол медицинаға 100% берілсе, сол 100% хирург дейді. Егерде 50% берілсе ол – 50%. Сондықтан беріліп жан-тәнімен беріліп істеу керек қой. Елге пайдасы тиетін іс қалдыру керек сондықтан ақ халатты киіп дәрігер боламын деген ол – менің міндетім.
Кардиолог ғалым осыдан 17 жыл бұрын елге оралып, аймақтағы алғашқы кардиохирургиялық орталық ашты. Бүгінде ғылыми клиникада жылына мыңға жуық адам ем алып, 250 операция жасалады. Науқастар арасында жетпістен асқан қариялар да, жаңа туған сәбилер де бар.
Ұлжан Хубиева, Меркі ауданының тұрғыны:
Қанша күн жыладық, қаншама көз жасымыз төгілді. Сонша дефект бар деген кезде. Сейітхан атамыздың арқасында қазір операциядан кейін баланың жағдайы жақсарды, салмақ қосып, дамуы жақсы болып келеді.
Академик ақсақал талантыңа тоқмейілсіп, даңққа дандайсуға болмайды дейді. Сондықтан шәкірт шыңдауда әуелі ғылыми ізденіске мән береді. Бүгінде еліміздің медицина саласында Жошыбаевтың жолын қуған 20-ға жуық ғалым шәкірттері қызмет етеді.
Зафар Розбаев, кардиохирург: 
Операция үстінде жүректі тоқтатып қоямыз, бірнеше секундтан бірнеше сағатқа дейін. Одан кейін ол жүректі қайтадан іске қосу, сол операциядан кейін ағзаға түскен үлкен стрестен сол организмді шығарып алу деген бұл салада өте қиын. Осы саланы меңгеру үшін Сейітхан Жошыбаевтың берген тәлім-тәрбиесі өте жоғары.
Жалпы Жамбылда медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны жоқ. Биыл бұл олқылықтың орны толмақ. 85 жастағы дәрігер халықаралық деңгейдегі академия ашуды жоспарлап отыр.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу