Президенттер қазақ-корей өнерпаздарының концертін тамашалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттер қазақ-корей өнерпаздарының концертін тамашалады

13.06.2024

Корея президентінің елімізге мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль корей-қазақ өнерпаздарының гала-концертін тамашалады. Президенттер алдымен «Ұлы дала алтыны» көрмесін аралады. Онда түрлі тарихи жәдігерлер мен Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» киімі, қару-жарағы қойылған. Мәртебелі меймандар қазақ тазысына ерекше көңіл бөлді.

Содан кейін Президенттер қос Қазақстан мен Корея өнер ұжымдарының концертін тамашалады. Бағдарлама барысында екі елдің 20-ға жуық шығармасы орындалды. Шетел композиторларының туындылары мен әлемге әйгілі опералардан үзінділер қойылды. Бірнеше хореографиялық композиция ұсынылды. Концертті Корея ресми делегациясының өкілдері және еліміздегі этномәдени бірлестіктердің мүшелері де тамашалады.

Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазақ пен кәріс әр түрлі ұлт өкілдері болғанымен, мәдениетіміз бір-біріне ұқсас. Біз үшін де үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету маңызды. Байқасаңыздар, қазақ тілі мен кәріс тілінің сөйлем құрылымдары да ұқсас келеді. Әдет-ғүрыптарға келер болсақ, шілдехана той бізде де тойланады. Кілемнің үстіне кітап, қамшы, аспап секілді түрлі заттар қойып, бала өз таңдауын жасайды. Осындай ортақ дүниелердің көптігінен болса керек, кәріс диаспоралары қазақ жерінде жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу