СҚО-да бір отбасы тамақтан уланып, екі бала қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да бір отбасы тамақтан уланып, екі бала қайтыс болды

15.06.2024

Солтүстік Қазақстан облысы Қазалжар ауданындағы Надежка ауылында тұтас отбасы тамақтан уланып, екі бала қайтыс болды. Анасы мен тағы бір жеткіншек ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша екі науқастың да жағдайы ауыр.

Эльмира Кәленова, тілші:
Қайтыс болған балалардың туған-туыстарының айтуынша анасы дәл осы дүкеннен шұжық пен тұшпара сатып алған. Ал кешкі астан кейін отбасы мүшелері бірінен соң бірі ауыра бастаған. Полиция департаментінің өкілдері күмәнді азық-түліктің сынамасы алынып, сараптамаға жіберілгенін жеткізді. Ал дүкен уақытша жабылды.
Кешке ұйықтаған 3 жасар сәби таңда оянбаған. Үйдегі тағы 2 бала мен анасын жедел-жәрдем қызметі облыс орталығындағы ауруханаға жеткізген. Алайда 6 жастағы қызға да дәрігерлер көмектесе алмады.
Сергей Коваленко, балалардың атасы:
Таңда бір, кешке бір немерем қайтыс болды. Үшіншісінің де жағдайы ауыр. Кешке тамақ ішіп, құсқан. Біз бөлек тұрамыз. Өзім ештеңе көрмедім. Балам үйде жоқ. Полицияға түсініктеме беруге қалаға кетті.
Дәрігерлердің айтуынша балалардың анасының да жағдайы ауыр. Дегенмен, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Гүлнәр Қалиева, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
Олар тамақтан уланған деп диагноз қойылды. Қазіргі таңда барлық медициналық сот экспертизасы жүргізіліп жатыр. Тамақ қалдықтары, ас қалдықтары барлығы зертханалық тексеруге жіберілді.
Полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы жіті тексеріліп жатыр. Бір айта кетерлігі, ауыл дүкенінен сауда жасаған өзге тұрғындардың ешқайсы денсаулығына шағымданбаған.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу