Жетісай ауданында мақта алқаптарына су жетпей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісай ауданында мақта алқаптарына су жетпей жатыр

15.06.2024

Түркістан облысының Жетісай ауданында каналдар тазаланбай, мақталық алқаптарға су бармай жатыр. Уақытылы су келмесе мыңдаған гектар алқап қурап, қып-қызыл шығынға батамыз дейді шаруалар. Ал, тіршілік нәрін жеткізуге міндетті «Қазсушар» мекемесі болса, 13 мың каналды тазалауға екі экскаватордан басқа көлік жоқ деп қамсыз отыр.

Дүйсенбай Айнабеков биыл мақтадан мол өнім ала алмайтын сыңайлы. Себебі, жылдар бойы қоқыстан тазаланбған арықтарды қамыс басып кеткен. Салдарынан су келмей, табыс табудың орнына шығынға батып жатыр.

Дүйсенбай Айнабеков, шаруа:

500 литр сыйған басында, қазір 50 литр сыймайды. Былтыр насос қойып, 18 насос қойдым. Биыл тағы сондай болып тұр ғой. Жылда оған насос қоя беретін ақшам жоқ. 500 мың, 10 млн теңгені насосқа жұмсай беретін.

Ауданда тіршілік нәрін тұтынатын 9 мың шаруа қожалығы бар. Олардың айтуынша, шағын каналдарды тазалауды «Қазсушар» мекемесі қауқарсыз. Мәселені жергілікті билік бліп отырса да, ықпал етпеген. Есесіне ағын судың бағасы жылдан жылған қымбаттап жатыр.

Бақытбек Сүлейменов, шаруа:

Мысалыға мен 100 литрге өтініш берсем, сол суды уақтылы ала алмаймыз. Суды бөліп бере алмайды, уақтылы жеткізе алмайды. Каналдар су керек кезде тазаланбайды. Шаруаларға су пайдаланушы, су тұтынушыларға ешкім есеп бермейді.

Диқандарға қажетті суды жеткізіп бере алмаған мекеме басшысы болса шағын каналдарды тзалауға техника жетпейді деп ашық айтты. Мәселен өткен жылы аудандағы 778 каналдың небәрі 96-сы тазаланған. Ал, биылдыққа тек 64 канал ретке келтірілген.

Бақтияр Жолдасбеков, «Қазсушар» РМК Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы:

Канал бетонный болса оны тазалау қиын, ол қолмен тазаланады. Ал егер қамыс болса ол жылда өседі. Оны қыста жағып тастайды. Оған ұқсаған 13 мың крестьян бар. Барлығы жабылып неғылса 13 мың каналды тазалай алмаймыз. Оған тазалауға мүмкіншілігіміз де жоқ. Ешқандай неміз де жоқ. Бір экскаватор өзіміздікі, біреуі жалдамалы.

Шаруалар шырылдаған соң іске прокуратура араласты. Жауапты мекеме басшыларына жұмысты дұрыс үйлестіру тапсырылды.

Айдархан Жүнісбеков, Жетісай ауданының прокуроры:

 Каналды тазалауға, шаруаларға жеткізіп беретіні туралы уәделерін берді. Оны қазір орындалуын өзіміз қадағалап отыратын боламыз.

Жыл сайын шығынға батқан шаруалар мәселе жылдам шешілмесе, Су комитетіне шағым түсірмек.

Айнұр Әбілқасымқызы 

Хабарламаларға жазылу