Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң қолданысқа енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң қолданысқа енді

16.06.2024

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң қолданысқа енді. Осы жолы бала құқығы жайында сөз қозғаймыз. Бұл заңда не жазылғанын білмейтіндер «Енді қит етсе баланы ата-анасынан тартып алады, балаңның бетіне қарап сөйлей алмайсың» деген өтірік ақпар таратып жүр. Оны айтасыз, тартып алған баланы бір жынысты некедегі адамдарға береді дегенді шімірікпей интервью беріп айтады. Соны тыңдап отырған тілшінің дөрекелікке жол жоқ, дегенмен ең болмағанда «бізде ондай неке бар ма?» -деп қалай сұрамайды деп ойлайсың. Жә, бұл сәл басқа әңгіме. Бір сөзбен айтқанда «қит етсе, баланы тартып алады» деген – жалған.

Сонымен бірге баланы асырап алуда, патронаттыққа беруде кілтипандар бар. Ұлытау облысында бағам-қағам деп алған балаларына мал бақтырып қойған әйел туралы көктемге қарай ақпарат шыққан. Жақында Шымкентте психикалық ахуалына қарындасы күмән келтіретін адамның балалар асырап алғаны, олардың теперіш көргені анықталды. Алты баланы жуындырмай, ашқұрсақ ұстаған. Ненің етін жегізгенін айтуға аузың бармайды...

Әлгі кісі 6 баланы 2021 және 2023 жылдары алған. Олардың екеуі сот шешімімен әйелі екеуінің асыранды балалары саналса, қалған төртеуі өзінің қамқоршылық тәрбиесінде болған.

Оқып отырсам, бәрі Шымкент және Астана қалаларының білім басқармасы басшыларының бұйрықтарымен берілген. Енді сол басшылар өздері жеке тексермеген шығар. Сонда жауапты мамандар қалай бәрі дұрыс деп есептеген? Екіншіден, асырап алған балаларды барып тексеріп тұрмай ма? Тақырыпты Серік Жұмабек таразылайды.

Серік Жұмабек, Тілші:

Бұл 2018 жылы ливандық режиссер Надин Лабаки түсірген «Капернаум» киносы. Туындыда балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен әлеуметтік теңсіздікті ашып көрсеткен. Фильмнің өзекті болғаны сонша, Канн фестивалі жүлдесін тіпті, Оскар сыйлығын алады. Қазірше елімізде мұндай кино жоқ, бірақ арамызда кейіпкерлері жетерлік.

ҚР Құқықтық статистика комитетінің ресми дерегінше елімізде жылына 800-ден астам бала зорлық-зомбылық құрбаны болады. Осыған байланысты биыл 15 сәуірде Мемлекет басшысы әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңға қол қойды. Жаңа құжаттағы түзетулер мен өзгертулердің жартысынан көбі балаларға бағытталған.

Динара Закиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі жедел уәкіл:

Осы заңда жалпы 70-тен астам позиция бар. Оның ішінде 49 түзету балаларға арналған түзетулер.

Бастапқыда заңға қатысты ел арасында түрлі пікір айтылды. Тіпті, «балаға ұрысуға, нұқуға болмайды мемлекет тартып алады екен»,- деген алып- қашпа әңгіме тарады.Анығында...

Жолдас Батырхан, ҚР Оқу-Ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

Маған қол көтерді, мені шапалақпен сарт еткізді деген мәселеге бола отбасыдан баланы алып кету деген ұғым жоқ. Бұл қоғамда кейбір топтардың арасында таратып жүрген қате пікір.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Бұл заң 70 қана түзетуден тұрады. Оның ішінде баланы тартып алу туралы мүлдем, о баста болған жоқ және ол норма талқыланған жоқ, ол норма талқыланбайды да.

Серік Жұмабек, Тілші:

Иә, Мемлекет балаңызды тартып алмайды. Бірақ, талап күшейеді. Мысалы, бұдан былай педофильдер мен бала өлтіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Бұрынғыдай тараптардың кешірімі мен келісімі деген жоқ. Айыпты тұлға бірден жауапқа тартылады.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Бірінші, денсаулыққа қасақана зиян келтіру және ұрып-соғу баптары енді криминализацияға жатады. Қылмыстық кодекске өткеннен кейін денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабы бұл 200 АЕК айыппұл, 200 сағатқа қоғамдық жұмыс және 50 күнге қамаққа алу. Егер ұрып-соғу бабына тап болатын болса онда 80 сағатқа қоғамдық жұмыс, 80 АЕК айыппұл, 25 тәулікке қамаққа алу. Міне, негізгі білетін нәрсе осы.

Бұдан бөлек, 16 жасқа толмағандарға жыныстық тұрғыдан тиісіп, сөзбен қысым көрсетіп қорлағандар да заң алдында жауап береді. Естеріңізде болса, екі жыл бұрын балалар құқықтары туралы заңға тұңғыш рет «буллинг» ұғымы енгізілген еді. Енді, бұл жәй термин емес, оған да жауапкершілік көзделген.

Жолдас Батырхан, ҚР Оқу-Ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

16 жасқа толған бала өзге адамға жәбір көрсететін болса жаңа заңға сәйкес 10 АЕК айыппұл салады. Егер қайталанса бұл көрсеткіш 30 АЕК дейін өседі. Ал егер 16 жасқа толмаған балаға буллинг жасайтын болса оның ата-анасы жауапкершілікке тартылады.

Серік Жұмабек, Тілші:

Жаңа заңда жол ақысын төлемеген оқушыларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынған. Бала межелі жеріне аман жетуі керек. Ал, құрылыс компаниялары мынадай көп қабатты тұрғын үй терезелеріне құлып орнатуға міндетті. Қажет болса құзырлы орган өкілі тексеріс жүргізе алады.

Еуропада талап тіпті қатаң. Қарт құрлықта бала құқығы «отбасы кодексі» және«балалар мен жастарды қорғау» заңына бағынады. Мысалы, 13 жасқа дейінгі баланы лифтіде жалғыз жіберуге, 16 жасқа дейінгілерді көлікте, үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Егер, бала оқыс оқиғаға тап болса әке-шешесі бас бостандығынан, ата-ана құқығынан айырылады.

Клоуис Морган, Балаларды қорғау ұйымының өкілі:

Жауапсыз ата-аналар 150 мың еуроға дейін айыппұл төлеп, 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Олардың балаларын уақытша орталықтарға орналастырамыз. Заңды бір емес бірнеше рет бұзғандар ата-ана құқығынан айырылып, сәбилерін өзге адамдар асырап алады. Біз алдағы уақытта баланы барлық жағынан қараусыз қалдырғандарға жазаны қатайтуды талап етудеміз.

Былтыр Еуропа елдерінде заңға бағынбаған 3 мыңға жуық адам ата-ана құқығынан айырылған. Біздің елде мұндай көрсеткіш мүлде жоқ. Оған мемлекет те мүдделі емес әрі жаңа заңда ондай норма қарастырылмаған. Қажет деп тапқан күннің өзінде бұл процесс ұзаққа созылады.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Ата-ана құқығынан айыру ол бір рет барып көріп, арақ ішіп ұрып жатыр екен деп ата-ана құқығынан айырам деген сөз жоқ. Ата-ананың құқығынан айыру деген кезде тұл жетім, жартылай жетім балаларымызды асыраудың өзі мемлекетке оңай емес. Сондықтан, бұл мәселе мемлекеттің алдында тұрған жоқ. Ата-ананы баласынан айыру туралы мәселе ешкімге қажеті жоқ. Соны атап өткім келеді.

Өкініштісі елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 21 мыңнан астам бала бар. Олардың 4000-ға жуығы жетім балаларға арналған 115 мекемеде өсіп жатыр. Қалған 17 мыңнан астамын түрлі отбасылар асырап алған.

Фарида Сағындық, «Qoldau» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Республика деңгейінде бізде 4000- ға жуық бала жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Соның 500-ге жуығы ғана таза жетім балалар. Қалғанының бәрі әлеуметтік жетімдік деп айтамыз. Өйткені ата-анасы тірі.

Мамандар кейде ата-аналар баласын жетім балалар үйіне өздері алып келетінін айтады. Тіпті, тастап кететін көрінеді. Осылайша өз жауапкершілігін мемлекеттің мойнына артып қояды. Ал, бала асырап алатындарға талап пен көмек қатар жүреді. Мысалы, сәбиді өз атына жаздырып туған баласындай тәрбиелеймін десе 75 АЕК көлеміндегі бір жолғы қаржылай көмек беріледі. Егер патронаттық жолмен асырап алса балаға ай сайын 10, ал бағып-қаққаны үшін ата-анасына 35 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі. Бұл төлемдер бала кәмелетке толғанға дейін жалғасады.

Серік Жұмабек, Тілші:

Жыл сайын қазақстандықтар мыңнан астам жетім баланы асырап алады. Бірақ, солардың арасында құқығы тапталып, құлға айналғандары да бар. Оған күні кеше 6 баласына 3 жылдан бері арам ет беріп азаптаған шымкенттік ерлі- зайыптылардың ісі дәлел. Тергеу басталды, алғашқы сот отырысы 18 маусымда өтеді.

Ал өкініштісі қамқоршылық органдары бірде-бір рет әлгі балалардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын тексермеген. «Qoldau» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Фарида Сағындық бұған дәл осы жауапсыздық және маман тапшылығы басты себеп деп отыр.

Фарида Сағындық, «Qoldau» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Бізде республикада қамқоршылық органдардың маманның тапшылығы ең бірінші. Ал олардың міндеті осы асырап алушылардың үйіне барып мониторинг жасау. Бірақ бізде оны ешкім жасамайды. Бірінші маман тапшылығы оған ешқандай уақыттары жоқ. Өйткені олар басқа нәрселермен айналысып отыр. Бізде психологиялық тұрғыдан сол отбасына көмек беріп, ол баланы 6 ай уақыт бейімдеп, бізде ешкім ешқай жерде жұмыс жүргізбейді. 3, 4 айдан кейін әкеліп тапсыра салады болды. Бүгінгі картина сондай, ол шындық.

Енді жаңа заңға сай республика бойынша 200- ге жуық «Отбасын қолдау орталығы» ашылады. Сол кезде қадағалау күшейіп, бала құқығы тиісті деңгейде қорғалатын шығар деген үміт бар.

Жолдас Батырхан, ҚР Оқу-Ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

Отбасылық зорлық-зомбылықта да айнала, қоғам көріп отырады. Бірақ, бізде осыған бейжайлық бар. Оны тіпті заңдылыққа санап кеткен тұрғындардың бар екенін жоққа шығармаймыз. Кез-келген заңның жұмыс жасауы үшін тек заңға арқа сүйеп отыру арты жақсылыққа апармайды.

Фарида Сағындық, «Qoldau» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Біз қаншама іс-шара қабылдайық, қаншама шектеулер қояйық, қаншама жауапкершілікке қатысты айыппұл қолдансақта, ата-ананың саналы түрде мен ата-анамын, менің де жауапкершілігім бар демейінше өзгерте алмаймыз қоғамды.

Бекдайыр Күзембай, Әкелер одағы РҚБ Астана қаласы филиалының төрағасы:

Сол себепті біздің үлкендерімізге ойлану керек и уақыт та жоқ-ау. Қимылдау керек бізге.

Серік Жұмабек, Тілші:

Былтыр қараша айында Қазақстандағы халық саны 20 млн-ға жетті. Оның үштен бірі, яғни 7 млн-ға жуығы бала. Ендігі мәселе, ұрпағымызды барынша қорғау үшін жазылған жаңа заңның талаптарын да, бала тәрбиесі туралы жазылмаған заңдылықты да мінсіз атқару. Әйтпесе, қазақша «Капернаум» түсіруге итермелейтін ахуал орнауы мүмкін.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу