Балаға қатысты қылмыстарға жаза қатаң болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балаға қатысты қылмыстарға жаза қатаң болады

18.06.2024

Иә, осы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев, заңнамалық өзгерістердің нәтижесінде, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейгенін және жаза қатаңдағанын атап өтті. Әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы Заң, екі күн бұрын ғана күшіне енді. Құжат Мемлекет басшысының былтыр күзде жариялаған Жолдауын жүзеге асыру аясында әзірленген болатын. Жаңа заңда, балаға қатысты қандай нормалар енгізілген? Жай жапсарын Раушан Сайлауқызы тарқатсын.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Заңда балаға қатысты біраз нормалар өзгерген. Бұрын бала зорлағаны үшін айыпталушы өмір бойына немесе 20 жылға сотталса, енді педофилдер тек өмір бойына түрмеге тоғытылады. Кәмелетке толмаған баланы өлтіргендерге де дәл сондай жаза. Айыбы дәлелденсе бар өмірі темір тордың ар жағында өтеді. Бұрыңғы қолданыстағы заңда 16-ға толмаған балаларға сексуалдық сипатта тиіскендер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын. Енді балаға арам оймен жақындағандардың өзі жазасыз қалмайды. Әуелі қызметі немесе лауазымынан үш жыл босатылады. Одан соң 738 400 теңге айыппұл төлейді немесе 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылып, 50 тәулікке түрмеге қамалады. Балалардың денсаулығына жеңіл зиян келтіргендердің де кінәсі ескерусіз қалмайды. Ұрып-соғу белгілері байқалса - 295 360 теңге айыппұл немесе 25 тәулікке, қасақана зиян келтірсе – 738400 немесе 50 тәулік қамалады. Аса қатігездікпен, азаптап, зорлық-зомбылық көрсетсе - 3 млн 600 мыңнан астам айыппұл немесе 2 жыл бас бостандығынан айырылады. Балалар арасында буллинг оқиғалары да азаймай тұр. Енді оларға да жаза күшейе түсті. Жәбір көрсеткендерге алдымен ескерту жасалып, 36 920 теңге айыппұл төлейді. Бұл әрекет қайталанса 110 760 теңге айыппұл арқалайды. Ал буллингті 12-16 жас аралығындағы балалар жасаса олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылып, 36 920 теңге айыппұл төлейді. Ауа райының қолайсыздығы мен балалардың қауіпсіздігін ескермей, жолақысын төлемеген, билеті жоқ балаларды автобустан шығарып жіберу оқиғалары да бұған дейін жиі тіркелген еді. Енді жаңа заңға сәйкес, 16 жасқа толмаған балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынып отыр. Егер жүргізуші немесе кондуктор баланы автобустан күштеп шығарып жіберсе 18 460 теңге айыппұл төлейді. Сондай-ақ әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға арналған 111 байланыс орталығы да өз жұмысын бастады. Ескере кететін жайт, заңда балаларды отбасынан ажырату туралы бірде-бір норма жоқ. Бастан аяқ – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

 Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу