Стамбұлда көшпенділер ойындарының жарнамасы жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбұлда көшпенділер ойындарының жарнамасы жасалды

20.06.2024

Биыл күзде Астанада өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Түркияда жарнамасы жасалды. Стамбұлда орталық даңғылдардың біріне көшпенділер ойындарының түрік тіліндегі баннері ілінді. Екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында өткен көшпенділер ойындарынан кейін жергілікті тұрғындар тарапынан бұл жарысқа қызығушылық жоғары. Жақында Стамбұл қаласындағы халықаралық этноспорт фестивалі кезінде де, Астанада өтетін ойындар арнайы таныстырылған болатын.

Камуран Улуязы, қала тұрғыны:

Алдыңғы жылы Түркияда өткен көшпенділер ойындарына бара алмай қалған едім. Енді мына жарнаманы көріп, Астанадағы ойындарға барсам деп жоспарлап отырмын. Өзім Түркиядағы ең ірі мотоцикл жүргізушілері одағының басшысымын. Бұған дейін Орта Азияға мотоциклмен барған едім. Енді балаларымды алып көшпенділер ойынын көруге бармақпын. Өзім ат спортын ерекше жақсы көремін.

Мехмет Айдын, қала тұрғыны:

Бұған дейінгі өткен барлық көшпенділер ойындарына бардым. Биыл Астанада өтетін ойындарға да баруды жоспарлап отырмын. Өзім ұлттық дүниелерді жақсы көремін. Реті келгенде осындай ұлттық киімдерімді киіп, жастарға насихаттап жүремін.

Айдос Әшім


Хабарламаларға жазылу