Алматыда жасөспірім субұрқаққа түсіп, көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жасөспірім субұрқаққа түсіп, көз жұмды

21.06.2024

Алматыда ҰБТ тапсыруға барған түлек оқыс жағдайда көз жұмды. 17 жастағы бозбала субұрқаққа түсіп, сол жерде тіл тартпай кеткен. Оқиға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті аумағында болған. Жасөспірімнің өліміне нақты не себеп? Субұрқақтардағы қауіпсіздікке кім жауапты? Айдана Қуантхан жауап іздеді.

Айдана Қуантхан, тілші
Өрімдей жігіттің өмірін қиып, бір отбасын қан жұттырған қайғы дәл осы жерде болған. Марқұм тыйым салынған белгіге қарамастан, суға түскен. Қазір мамандар өлімнің нақты себебін анықтап жатыр.
Дәл сол күні мектеп бітіруші түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге барған. Алайда емтихан тапсырып үлгермепті. Себебі, қала бойынша жарық болмай, сағат түскі бірдегі сынақ кейінге шегерілген.
Еркін Дүйсенов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті операциялық қызмет жөніндегі проректор:
Сол күні емтихан өтуі керек еді. Бірақ, техникалық ақауларға байланысты ҰБТ кейінге ауыстырылды. Бізде баланың осы аумақта жүргені, суға түскені бейнебақылау камерасына жазылған. Оны сараптама жүргізу үшін құзырлы органдарға бердік.
Ал университет аумағындағы субұрқаққа «Вem group» компаниясы жауапты. Айтуларынша, оқыс оқиға болған күні таңертен фонтанның техникалық қауіпсіздігі тексеріліп, ешқандай ақау анықталмаған.
Нұржан Батырқұлов, «Bem group» компаниясының өкілі:
Өздеріңізде қарап отырсыздар, артынша екі досы құтқаруға суға түседі. Сол жаңағы ол балаларды тоқ ұрмайды. Бұл жерде уақытысымен барлығы тексеріліп қаралғаннан кейін, тоқ ұру мүмкін емес. 
Қазір қала аумағында 150-ден аса субұрқақ бар. Оның 66-сы – қала әкімдігінің меншігінде. 6-ауына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі субұрқақтар әуен және жарықпен жұмыс істейтіндіктен, оның бәріне тоқ керек. Тұрғындарға қанша жерден суға түсуге болмайды деп ескерткенімізбен, сөзімізді елейтіндер аз, - дейді мамандар.
Күмісбек Амангелдиев, қалалық коммуналдық субұрқақтарды пайдалану басқармасының басшысы:
Халықта кішкене жауапкершілікпен қараса, жалғыз тоқ емес, неше түрлі жұқпалы аурулар бар. Субұрқақтың ішіне үй-жайы жоқ адамдар жуынады, біреулер иттерін апарып түсіреді. Сол себепті бәрінде бірдей жазылған, белгі бар, шомылуға рұқсат жоқ деп.
Десе де, күн ысығанда субұрқақтың жиегінде жүгіріп, балаларын шомылдыратындар күрт көбейетіні рас.

Оқыс жағдайда көз жұмған жасөспірімнің анасы да, мектеп ұжымы да пікір білдіруден бас тартты. Ал жазатайым оқиғаның нақты себебі сот-медициналық сараптамасынан кейін белгілі болады.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу