Қостанай облысының екі ауылы үш айдан бері жарықсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының екі ауылы үш айдан бері жарықсыз отыр

21.06.2024

Қостанай облысының ең шалғайындағы Ахмет және Ақкөл ауылдарында үш айдан бері жарық жоқ. Тасқын кезінде бұл аймақта мыңға тарта баған құлап, отыз жеті елдімекен жарықсыз қалған. Басым бөлігіне электр қуатын беру қалпына келтірілді. Алайда екі ауыл көш соңында қалды. Қараңғылыққа қамалып, қамыққан жұртпен Дәуренбек Әбдібек жүздесіп қайтты.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Күн ұясына қонған соң Ахмет ауылын тас түнек басады. Жарықтың сөнгеніне үш ай болды. Оның енді қашан жанатынын ешкім тап басып айта алмайды. Қараңғылық құшағындағы ауылдың аспанын тек ай ғана жарық қып тұр. Әр жерден моторлы генератордың үні естіледі.
Ауылға көмек ретінде отыз генератор берілген. Тұрғындардың өздері сатып алғандары да бар. Алайда бензинмен жұмыс істегендіктен бұдан өндірілетін электр қуатының құны өте қымбат. Бір айдың ақшасы бір күнде кетеді.
Руслан Жақсымбеков, ауыл тұрғыны:
Мынау 6 вольттық мотор. Сағатына үш жарым литр бензин жағады. Үш сағатта он екі литр. Бензин қазір өте қымбат. Қызылорданың жігіттерінен екі жүз елу теңгеден литрін аламыз.
Жаз мезгілі ауылдықтар үшін қыстық қор жинайтын уақыт. Ал қазіргі жағдайда қор жинамақ түгілі күнделікті ас ауқатты сақтаудың өзі мұң.
Жанар Байдилдина, ауыл тұрғыны:
Тоңазытқыш, мұздатқышты пайдалана алмаймыз. Сондықтан қаймақ, май, етті де сақтай алмай отырмыз.
Темір Қосаев, ауыл тұрғыны:
Біз көрдік қой қиыншылықтың бәрін. Бөтелкеге қоға салып шам жаққанды да көрдік. Бірақ жастар көнбейді. Көбі кеткісі келеді ауылдан.
Жауапты орындар жұмыстың кешеуілдеуін судың кетпеуі мен жердің кеппеуінен көреді. Әйтеуір қарап отырмағандарын айтады. Күні кеше Амангелді ауданында екі ауылға жарық берілген. Қазір Ахмет, Ақкөл ауылына қосымша желі салынып жатыр.
Әділ Хасенов, мердігер компания директоры:
35 киловольттық сексен үш баған тұрғызылды. Ұзындығы он үш шақырым. Және Ақкөл ауылының тұсынан тағы отыз алты баған орнаттық. Қазір монтаж жұмысы жүріп жатыр. Дүйсенбіде екі ауылға да жарық беріледі.
Қосымша желі салынып болып, елдімекендерге жарық толық берілгесін, негізгі желіні жөндеу басталады. Қостанай облысының оңтүстігіндегі үш өңірге жүз қырықтан астам баған орнату қажет.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу