Риддер қаласында cу басқан үйлерді гидрологиялық компания жөндейтін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддер қаласында cу басқан үйлерді гидрологиялық компания жөндейтін болды

22.06.2024

Шығыстағы Риддер қаласындағы үйлері мен ауласын су басқан тұрғындардың шығынын «ЛК ГЭС» компаниясы өтейтін болды.

Естеріңізге салайық өткен қыста жергілікті гидрокомпания суды шамадан тыс жіберіп, салдарынан 3 үй мен 6 ауланы су басқан. Су кірген отбасылардың тұрмыстық техникасы және жиһаз бен басқа да дүние- мүлкі жарамсыз болып қалған. Тіпті малға беретін жем-шөбін де су алып кеткен. Дегенмен атқарушы билік сол кезде жағдайды бірден реттеп, суды дер кезінде сорғызып үлгерді. Нәтижесінде қала шетіндегі шағын аудан аман қалды. Құрамында тұрғындар мен құзырлы орган қызметкерлері бар арнайы комиссия құрылып әрбір үйге сараптама жасалды.

Татьяна Акулинина, Риддер қаласының тұрғыны:

Су басқан сәттен бастап облыс әкімі өзі келіп, құрылымдық басқармаларға нақты міндеттер жүктеді. Үйін су басқан тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтқан. Міне енді комиссияның шешіміне сәйкес бүліген мүлкіміз қалпына келтіріліп жатыр. Ең бастысы үйімізді жөндейтін болды.

Константин Овечкин, Риддер қаласының тұрғыны:

Кеше бізге облыс әкімінің орынбасары келіп жөндеуге жарамайтын үйлер болса, жаңасын салу үшін жоба жасалатынын айтты. Біз үшін ең бастысы баспана. Бірақ су басқан үйлердің бәрі жөндеуге жарайды деп ойлаймын. 

Қыстың көзі қырауда көп мөлшерде су жібергенін  «ЛК ГЭС» компаниясының иелері мойындады. Комиссия шешімімен келісті. Нәтижесінде тұрғындардың шығынын гидрокомпания өтейтін болды. Бүгінге дейін су кірген үш үйдің иесіне бес жарым миллион теңге төленді.

Сымбат Әлібеков, Риддер қаласы әкімі аппаратының инспекторы:

Арнайы комиссияның жұмысы аяқталды. Жөндеу жұмыстарын бастау үшін құрылыс компанияларымен келісім жасалып жатыр. Негізі қаржы баспаналарды қалпына келтіруге жұмсалады. 


Хабарламаларға жазылу