Қыз-келіншектердің жұмысқа тұруы: Қандай қысымдар көріп жүр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қыз-келіншектердің жұмысқа тұруы: Қандай қысымдар көріп жүр?

23.06.2024

Әйелдерге жұмыс істеуге шектеу қойылған мамандықтар тізімі санамаланған үкімет бұйрығының күші жойылды. Физиологиялық тұрғыдан әйел істеуі қиынырақ мамандықтар. Бұл енді адам құқығының сақталуы, дискриминацияның болмауы сияқты тақырыптармен үндесетін мәселе, түсінікті ғой. 

Ал жалпы, әйелдердің жұмысқа тұруында кемсітушіліктер жойылған жоқ. Мүмкін азайды. Алайда қыз-келіншектердің жұмысқа тұруы, жұмысқа тұрса мансаптық өсуі оңай емес. Тіпті «өз ісімнің шебері болайын» деп тәлімгер іздесе, егер тәлімін алғысы келетін адам ер кісі болса, тәлімгердің өзі де, ұжымдағылар да түсінбеуі мүмкін... 

Екінші жағынан «өзін-өзі жасаған адам» тұжырымына сай келетін әйелдер көбейіп келеді. Эмансипация деген ұғымға енетін тенденция. Кез келген бастамада «алтын көпір» болатыны сияқты, мұнда да «алтын көпірді» филиграньды салатын әйелдер көп негізі.

«Филигрань» деген металлға өте жұқа алтын, күміс не мыс сымнан өрнек салатын зергерлік техника. 

Данияр Қайыртайдың материалы. 

Қыз-келіншектердің мамандық таңдау еркі шектелмеуі керек деп есептейді төрт жыл бұрын Астанадағы көлік жөндейтін станцияда шебер болып істеген Қымбат Қалиева. Сонда еңбек етіп жүргенінде жиі дискриминация көргенін айтады. Қыз болғаны үшін.

Қымбат Қалиева, Астана қаласының тұрғыны:

Менде бір жағдай болды. Машина келді, тексеріп, кәдімгідей өз жұмысымды жасап жатырмын. Жаңағы адам маған біртүрлі қарады енді, «Басқа адамдар жоқ па?» деп 2-3 рет сұрады. Сосын мен оған «Диагностика жүргіземіз бе, әлде сіз менің жынысыма қарайсыз ба?» деп сұрадым, өзім сондай бетке тіке айтатын адаммын. Ол кісі: «Жоқ, сіздің айтқаныңызға сенбей тұрмын» деп ағынан жарылды. Мен де айттым: «Мен сізге 100 пайыз гарантия берем, осыны сізге басқа жерге барсаңыз да тура солай айтып береді» деп. Ол болмады, «жоқ» деп қайтып кетті. Жөндеткен жоқ.

Негізі әйелдердің еңбек күшін пайдалануды шектейтін мамандықтар тізімі үш жыл бұрын күшін жойған. Заңда да адамды жынысына қарай алалауға тыйым бар. Бірақ қоғам стереотиптерден арылар емес.

Айнұр Тұқымова, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Әйел адамдар белгілі бір қызметтерді атқара алмайды деген сияқты, әйел адамдар қабілеті жетпей жатады, олар тым эмоционалды, кейбір кризистік жағдайларды өзін жеткілікті деңгейде ұстай алмайды деген сияқты өте дұрыс емес пікірлер әлі күнге дейін өміршеңдігін жойған жоқ.

Әйел адам физиологиялық тұрғыдан атқара алмайды дейтін жұмыс түрлерін былай қойғанда, кеңседегі кәсіпте де кемсіту бар. Кейінгі жеті жылдан бері мәдениет және медиа саласында еңбек етіп жүрген астаналық Анар Бақытбекқызы қыз болғаны үшін, тұрмыс құрған келіншек болғаны үшін немесе сәбиі бар ана болғаны үшін талай дискриминацияға ұшыраған.

Анар Бақытбекқызы, Астана қаласының тұрғыны:

«Біз бұл қызметке ер азаматты іздеген едік» немесе «Біз бұл қызметке баласы жоқ, жас, тұрмысқа шықпаған қыздарды іздеген едік» деген жағдайлар болған. Менің екі балам бар. Көп жағдайда мен олардың жұмысқа кері әсері болмайтынын, оларды қарайтын бөлек адам бар екенін айтқан кездің өзінде де, «Жоқ, бізге бәрібір баласы бар адам керек емес» деп ашық айтқан немесе соған бір емеурін танытқан кездер болған.

Айнұр Тұқымова, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Бұндай сұрақтар, әрине, заңға қайшы. Бұл адамның қадір-қасиетіне де тиюі мүмкін. Әсіресе, жас қыздарға жиі осындай сұрақтар қойылады. Сіз декретке шығасыз ба, балаңыз бола ма, күйеуге шығып кетесіз-ау, сізді жұмысқа алсақ, сосын декретке шығып кетесіз-ау деген сұрақтар өте жиі қойылады.

Айдана Амалбекова, MNU жанындағы MIND ғылыми-зерттеу орталығының сарапшысы:

Еңбек сұхбатына кірмес бұрын да осы нәрсе ойластырылады. Мысалы, әйел адам жұмысқа тапсырарда резюмесінде «-ова» деген фамилиямен жазылып тұрса немесе аты нейтрал ат болмаса, бірден ысырылуы мүмкін ғой, ол кандидат.

Бірақ жынысы үшін жұмысқа алмай қойғанын дәлелдеу қиын. Тіпті мүмкін емес.

Айдана Амалбекова, MNU жанындағы MIND ғылыми-зерттеу орталығының сарапшысы:

Ол кандидат әлі де жұмысқа тұрған жоқ, сол себепті еңбекке қатысты бір дау туындады, бір конфликті туындады деп шағымдануы да екіталай. Оның қарастырылуы да екіталай. Шағымдану механизмдері жоқ.

Сондықтан алдын ала қамданып бару керек, дейді мамандар.

Нұрлан Өтешев, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары:

Жұмысқа тұрам деген азаматша өзінің құқықтарын толықтай білуі керек. Өз құқықтарын біліп жатса, оны ешкім ешқашан да шектей алмайды.

Ал компанияларға жұмыс күшін тауып берумен айналысатын рекрутерлік агенттік басшысы Алма Жандәулетова мұндай сұрақтардың еш сөкеттігі жоғын айтады.

Алма Жандәулетова, рекрутер:

Бұл еңбек сұхбатындағы қалыпты сұрақтар. Түкте де дискриминация емес. Жұмыс беруші болсаңыздар, сіздер де түсінесіздер. Олар алдын ала түрлі тәуекелдерді ескеруі керек қой?! Тіпті, заңсыз болса да вакансия туралы хабарландырудың өзінде жынысы бойынша талапты ашық жазып қойған жөн. Бұл – сүзгі сияқты.

Қыздар жұмысқа тұрарда ғана емес, жұмыс барысында да түрлі қысым көреді.

Айнұр Тұқымова, Қазақстандыққоғамдық даму институтының сарапшысы:

Әйел адам жұмысқа тұрғанның өзінде де көптеген кедергілерге тап болады. Яғни әртүрлі стереотиптерге, дискриминацияға, тіпті харассментке ұшырап жатады. Оны да мойындау керек. Бұл неден шығады? Бірінші кезекте әйелді кәсіби маман ретінде емес, әйел ретінде қараудан шығады.

Нұрлан Өтешев, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары:

Әйел болғандықтан «шай қойып жібер, шай ішіп алайық» дегендей, не тағы басқа тапсырмалар беріледі, бірақ ол оның функционалдық міндеттерінде жазылмаған. Бірақ ол өзі жәймеңдеп-жәймеңдеп кірісіп кетеді де соның міндеті сияқты болып қалады.

Ал одан да сорақы мысал жыл басында болған. Еуразия банкінің қызметкері Сәния Шәкенова аяғы ауыр болғаны үшін жұмыстан қуылған еді. Мәселе қоғамда резонанс тудырған соң банк басшысының араласуымен маман штаттық орнына қайтарылған.

Самал Жұмағазиева, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің бас сарапшысы:

Еңбек кодексінің 52-бабына сәйкес, жүкті әйел анықтама ұсынған жағдайда, жұмыс берушіге, сондай-ақ, жалғызбасты аналар, 3 жасқа толмаған баласы бар әйел азаматтарды жұмыстан шығаруға жол берілмейді. Жүкті әйелдерді үстеме жұмыс пен түнгі жұмысқа тартуға тыйым салынған.

Еңбек қатынасында дискриминацияның моббинг, буллинг, шейминг, газлайтинг, харассмент сияқты формалары кездесетінін зерттеушілер көптен айтып жүр. Ал оны жою үшін еңбек құқығын халықаралық стандартқа лайықтау керек.

Нұрлан Өтешев, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:

Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымының 190-шы конвенцияны ратификациялауды ұсынады. 190-шы конвенция кез келген дискриминациялардың түрлерін талдап, оның ішінде әр деңгейде, әр салада ол дискриминацияға қарсы тұру, заң арқылы тұру керек екенін белгілейді.

Қыздар биік мансапқа жету жолында фратернизацияға тап болу қаупі де бар. Ол – әріптестер арасындағы қызметтік қарым-қатынастың аясынан шығып кететін байланысты сипаттайтын термин.

Айдана Амалбекова, MNU жанындағы MIND ғылыми-зерттеу орталығының сарапшысы:

Айталық, бір басшы ер адамға келіп «маған ментор бола аласыз ба?» деп сұрасам, қалған ұжым дұрыс түсінбеуі мүмкін, мен қандай да бір романтикалық қадамдар жасап жатыр деп ойлап қалуы мүмкін. Ал ер адам менімен бірдей білім алған, тәжірибесі де бірдей ер адам сол лауазымға барып сұраса, ол, әрине, қуана-қуана қабылдап, өз қанатының астына алып, оның мансаптық өсуіне үлесін қосуы мүмкін. Бұл жерде әйелдер осылайша ұтылуы мүмкін.

Ал ең басты дискриминация – еңбекақыдағы алшақтық, дейді сарапшылар. Оған статистика да дәлел. Мысалы, былтыр әйелдердің орташа еңбекақысы ерлерге қарағанда 25,7 пайыз кем болған.Көрсеткіш азайғанның орнына өсіп барады. 2022 жылы – 25,2 пайыз, 2021 жылдың қорытындысында 21,7 пайыз болған.

Нұрлан Өтешев, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары:

Ол жалпы экономикаға кері әсер ететін нәрсе. Өйткені біздің экономикамыздың құрамында әйелдер 48 пайыз еңбек орындарында алып жататын азаматтар. Сондықтан біз әйелдерге осындай кері әсермен олардың экономикадағы рөлін төмендетеміз.

Айдана Амалбекова, MNU жанындағы MIND ғылыми-зерттеу орталығының сарапшысы:

Жыл сайын мектептерді үздік бітіретін көбінесе қыз балалар болуы мүмкін, университеттерде жоғары ұпайлар жинайтын қыздар болуы мүмкін, бірақ олар еңбек нарығына келгенде өз біліктілігін қолдана алмауы мүмкін, жоғары позицияларға бара алмауы мүмкін. Яғни білікті әйел мамандар осылайша экономикалық дамуға үлесін қоса алмайды.

Еңбек құқығындағы теңдік туралы айтқанда әйел хақы деп бөле-жарған да сәл қисынсыз, дұрысы – баршаға ортақ адам хақы ғой. Ал ондағы басты қағидат адамды жынысына, жасына, түр-тұлғасына, ұлты мен дініне қарай алаламауға үндейді.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу