Еліміздегі жол апаттарының негізгі себептері қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі жол апаттарының негізгі себептері қандай?

23.06.2024

Биыл алғашқы 5 айда елімізде 8 мыңнан аса жол апаты тіркеліп, 800-ге жуық адам опат болған. Бұл былтырмен салыстырғанда 86%-ға жоғары, дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері. Рас, Құқықтық статистика комитетінің былтырғы дерегіне сай, 2023 жылғы қаңтар-қараша аралығында 13 200 жол-көлік апаты тіркелген.

Елімізде жол апатынан жыл сайын екі мыңға жуық адам қаза табады. Қазақстан, осы алаңдатарлық статистика бойынша Орталық Азия елдері арасында бірінші орында. 

Құқықтық комитеттің 2022 жылғы статистикасы бойынша, жол апаттарының 87%-і жүргізуші кінәсінен. Бұған қатты күмәнданбаймыз, дегенмен жүргізушілердің ешкім мән бермей жүрген аргументтері барын білеміз. 

Біз бұл жолы қала сыртына шықтық - Астана мен Қарағанды трассасының бойынан Елдос Есенбол арнайы репортаж дайындады. 

 Елдос Есенбол, тілші:

Дүниенің кеңдігінен не пайда, автожолың тар болса. Соңғы жылдары қарағандылықтар осылай деп жүргендей. Неге екенін сәлден кейін. Ал қазір мынадай статистикалық дерек...Соңғы бес айдың өзінде Қарағанды облысының аумағында жол апатынан қаза болғандардың саны алпыстан асады.

Айсұлтан Жақыпов, журналист:

Ол жолдың тарлығынан болған жол-көлік оқиғасы деп ойлаймын. Мысалы, мен қырға шықтым содан төмен түсе берген кезімде алдымда келе жатқан жүк көлігін көрдім. Өз жолымен дұрыс келе жатыр. Мен де сенімді түрде төмен түсе бердім ана келе жатқан жүк көліктің артынан екінші жүк көлігі шықты да қарсы бағытқа алдындағы жүк көліктен озам деп сол келіп бізді қақты.

Айсұлтанның отбасы бір ажалдан аман қалғанымен, 5 жастағы құп-құйттай қызы көкбауырынан айырылды. Жұбайының кеуде сүйегі сынған.

Сақтандыру компаниясы «адам мүгедектікке шыққанда ғана ақша төлейміз» депті. Ал меншігіндегі көлік жүргізушісі апатқа кінәлі деп танылған «Қазпошта» компаниясы да осы сарындас жауап қайтарып, азын-аулақ ақшамен құтылып кетпекші, дейді Айсұлтан

Айсұлтан Жақыпов, журналист:

Кредитке анау 2003 жылғы көлік алдым. Жүре тұруға. Баланы ауруханаға андай-мындай апаруға. Қараңыз кредиттің үстіне кредит жамап алдым. Біздің рекламалық баннеріміз бір адамның үстіне құлап, ол адам мүгедек болып қалды. Өмір бойы арбаға таңылды былай айтсақ. Сол адамға сот 4-ақ миллион берді. Соттар ақымақ емес көшедегі 10-15 миллионды тарата беретін деді.

Талайды жарымжан қылып, талайдың өмірін қиған Қарағандының жолын көрмекке шаһарға сапарладық. Қалаға апарар жолда асфальттың тұтас ұзыннан жарылғанын, оны жамап қойғанын көрдік.

Рустам Тынышбеков, антикор еріктісі:

2017 жылдан бері бүгінге дейін қолданысқа қабылданбаған. 2020 жылы осы «Қазавтожол» мен мердігер арасында сот болған. Осы тапсырыс беруші «Қазавтожол» ұтып алып осы 240 плитаны ауыстыру туралы шешім шыққан болатын. Алайда осы күнге дейін плиталар ауыстырылмаған. Мердігер өз тарапынан болса банкроттыққа берді. Енді мердігер де жоқ, ақша да жоқ, сапа да жоқ.

Сөйтсек, осы 13 шақырым жол үшін мемлекеттен 6 миллиард теңге бөлінген екен. Нәтижесі мынау. Ал дәл осы жолда қыстыгүні бір мезетте 16 жеңіл көлік пен автобус соқтығысқан.

Рустам Тынышбеков, антикор еріктісі:

Мынау қар ұстаушы торларды қарасаңыздар міне жай-күй осы. Біресе бар, біресе жоқ. Сол себептен қардың бәрі келіп, жолға қонады.

Біз әрі қарай Қарағандыны басып өтіп Қарағанды-Балқаш тас жолына шықтық. Себебі дәл осы жол ащы да болса айтайық өлім трассасына айналған.

Бекзат Сәуленбаев, Қарағанды облысы ПД Патрульдік полиция батальонының командирі:

Республикалық маңызы бар Екатеринбург-Алматы тасжолының Қарағанды қаласы мен Балқаш қаласының учаскесінде 2019 жылдан бері қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жол учаскесінде жыл басынан бері 17 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 21 адам қаза болып, 39 адам әртүрлі ауыр дене жарақаттарын алып отыр.

2019 жылдан бері құрылысы бітпей жатқан жолдың бір бөлігі ғана ашық. Жолдың шетінде тиісті қоршаулардың жоқ екенін байқадық. Сағызша созылған құрылыстың кесірінен жол өте тар.

Қуаныш Кернейбеков, «Әділдік жолы» РҚБ Қарағанды облысы бойынша филиалының эксперті:

Енді жаз айларында жол қозғалысы өте күрделі ғой. Демалушылар бар, жүк тасушылар бар. Өздеріңіз байқап отырғандай міне өте тығыз. Адамдар тез жеткісі келеді, шаршап келе жатады. Әне, алдымызды қараңызшы қыстырылса келе... Жол апаттары болып қалады осындай себептерден.

Жүк көлігін тізгіндеген Кеңес те төрт жолақты жолдың тезірек қолданысқа берілгенін қалайды.

Кеңес Бакуов, жүк көлігін жүргізуші:

Артыңнан келіп жыпылықтатады. Сен де біреуден озайын деп жатсаң.. Ашық жерде озайын деп жатсаң артыңнан шығып алады. Ашық жерде сен де озуыңыз керексің ғой өтіп. Сені қысып-қысып үшіншісі келеді. Соның салдарынан көп жол көлік апаты болады.

Оның сөзінше, жеңіл көлік жүргізушілері жүк көлігінің руліне отырып көрмегендіктен жағдайды бағамдай алмайды.

Кеңес Бакуов, жүк көлігін жүргізуші:

Жас балалар үлкен көлік айдамағаннан кейін мұның обгоны жай болады. Білмейді оны. Өздерінің машинасы тартатындай сияқты бізді де жолдан ертерек озып, қашсай деп артыңнан белгі береді.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жол апатына такси жүргізушілері жиі ұшырайды. Балқашқа адам тасушылар. Себебі жұрт демалысқа барғысы келсе, билет таппай қиналады. Сондықтан Балқашқа таксилетіп тартуға мәжбүр, дейді.

Қуаныш Кернейбеков, «Әділдік жолы» РҚБ Қарағанды облысы бойынша филиалының эксперті:

Осыдан бір ай бұрын такси жалдап келгенімде жас жігіттер жол белгілерін, жол ережелерін сақтамай ұзын сызықша белгілердің өзін керек қылмай қарсы жолға шығып жатқан кездері көп болды.

Ал назар салып байқасаңыз мынау жол апатында қатарды бөлетін сызықтың жоқтығы анық байқалады. Бұл, әсіресе, түнде жүргізушілерді бағытынан жаңылдыратын бір фактор. Дәл осы апаттан 5 адам опат болған күннің ертесіне..

Бекзат Сәуленбаев, Қарағанды облысы ПД Патрульдік полиция батальонының командирі:

Жол-көлік оқиғаларын болдырмау, алдын-ала мақсатында Қарағанды облысы ПД патрульдік жасақтарын санын Қарағанды-Балқаш учаскесінде оннан жиырмаға дейін арттырып, патрульдеу маршруттарын 50 шақырымнан 20 шақырымға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды.

Кенжебек Еспағамбетов, көлік жүргізуші:

Кісілер бір-біріне қарсы келе жатқанда кішкене кідіріп өткізіп жіберу деген де болмай қалады. Ол өзіңнің де өмірің ғой. Біреу қарсы бетке шықты деп қатты газ басып кететіндер де болады. Жүргізуші ынтымақтастығы дейді ғой сол жетпей қалатын кездер де болады. Былай айтқанда, жынды мен жынды боласың ба дегенім ғой.

Елдос Есенбол, тілші:

Жолдағы қауіпсіздікке автожолдың сапасы, жүргізушілердің мәдениеті, асфальттың кеңдігі бәрі-бәрі әсер етеді, әрине. Бірақ осы материалды әзірлеу барысында «Сақтансаң сақтаймын» деген сөз ойымыздан шықпай қойды. Бастысы автожолда асығамын деп... Анау жаққа асығып кетпесеңіз болғаны...

Айтпақшы, сенбіде вице-премьер Роман Скляр Қарағанды облысына барып 363 шақырымдық Қарағанды-Балқаш трассасын жөндеуді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырыпты. Алдында «Қазавтожол» компаниясы біздің сапарға өкіл қосып беретін болған еді. Сірә, басқа іс-сапарларға алаңдаған-ау, ешкімді жібермеді. Әлгі «өлім трассасының» жаман атынан құтылуына жұмыс істесе болды, біз ренжімейміз.

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу