Бірыңғай уақыт белдеуі: Пайдасы мен зияны - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірыңғай уақыт белдеуі: Пайдасы мен зияны

23.06.2024

Елдің бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеніне қарсы екенін білдірген азаматтардың петициясы. Ол да 50 мыңға жетті – Үкімет қарауға міндетті. Сөйтіп, жұмыс тобы құрылып, алғашқы отырысы да өтті. Сауда және интеграциялар министрі Арман Шаққалиев эмоцияға берілмей шешім қабылдаймыз депті.

Эмоцияға берілмеу үшін аргументтер мұқият тыңдалуы керек. Контраргументтер адамның көзі жететіндей болуы шарт. Бұл тіршілікте қолайсыздық туғызып, денсаулыққа кері әсер етіп жатқандай болғасын жазылған петиция.

Оларға уақыт белдеуіне көшуді жақтағандар – ғалымы бар, маманы бар, дәрігері бар, қазір не дейді? Ең бастысы соларға арқа сүйеген Үкімет не дейді? Тек елдің шығысы емес, батыс өңірден бір сағат алда болған барлық аймақтың тұрғындары жұмыс күнінің түс болғанда басталатынын айтып жатыр.

Бұл өзі барлық тәуекелдер ескеріліп қабылданған шешім бе? Себебі осылай болатынын білді – неге онда жұмыс уақытына өзгерістер енгізілмеді? Әшейінде түсіндірмейтінді түсіндіретін насихат керуендері жасақталады.

Бұл жолы неге тәптіштеп түсіндірілмеді. Серік Жұмабектің материалы.

Серік Жұмабек, тілші:

Қазақстан географиялық тұрғыда UTC+3- тен UTC+7- ге дейінгі 4 бірдей уақыт белдеуінде орналасқан. Бірақ, соған қарамастан 4 ай бұрын тұтас республиканы бірыңғай уақыт белдеуіне көшірдік. Араға 53 күн салып наурызда басталған жаңа тәртіпке наразы топтар пайда болды. Әңгіме Алматыдан басталған.

Бауыржан Қасымов, ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары:

Алматы қаласының тұрғыны, ҚР азаматы өз құқығын пайдаланып әкімшілік рәсімдеу кодексіне сәйкес петиция жариялады. Бұл петиция 22 сәуірде жарияланған болатын. 7 маусым күні 50 000 дауыс жиналды.

Осылайша бар-жоғы 1,5 айда 50 000 адам бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияға қол қойды. Тіпті, соңғы 2 айда халықтың наразылығын көрсететін түрлі бейнежазба көбейді.

Бұл видеоны алматылық тұрғын түсірген. «Таңның ерте ататынын біле тұра неге көше шамдарын өшірмейсіңдер?! Бұлай жалғаса берсе электр энергиясын үнемдемек түгілі шығынға батамыз ғой»,- дейді. Ал, енді бірі..

Ал бұл Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны. Мұнда күннің ерте бататыны сонша кешкі сағат 19.30 да қолшаммен жұмыс істеуге мәжбүр.

Серік Жеңісов, ШҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы:

Егерде бұрын таң сағат 3:30 да ататын болса қазір 2:30-да атады. Күн бұрын 8-де бататын болса, қазір жетіде батып кетеді. Екіншіден ауылдық жерлердегі мал мәселесі болып жатыр. Бұрын малды таңғы 6-да шығаратын болсақ, қазір сағат 5-те шығарамыз дейді. Осындай уәж айтып жатты.

Мамандар «күннің ерте атуы мен батуы уақыт белдеуіне қатысты емес, ол географиялық орналасуға байланысты»,-дейді. Көпшіліктің не үшін тек осы жайтты алға тартатытын түсінбейді.

Әмір Қуат, ғалым, биотехнолог:

UTC+6 да болған кезде Өскеменде қателеспесем 4:23 кеткенде түн бататын қыста. Екінші ауысымның балалары өздерінің оқуын кешкі сағат жетіде бітіреді. Демек 3 сағат айырмашылық бар. Далаға шыққан кезде тастай қараңғы. Қазір әңгіме жоқ бір сағат ертерек түн батады. Бірақ балалар қалай сағат жетіде шықты, дәл солай жетіде шығады. Бірақ, бір жыл бұрын ешкімге ол проблема тудырған жоқ, ал қазір неге екені белгісіз адамдарға проблема тудырып тұр. Логика бар ма?

Шығыс Қазақстанға көрші Абай облысындағы ағайынның арызы да, өскемендіктердің шағымына ұқсайды. Алып-қосар ештеңе жоқ.

Өңір тұрғындарын бірыңғай уақыт белдеуін алып тастауға үгіттеп, петиция жариялауға итермелеген негізгі қолайсыздықтар осы. «Бұдан бөлек халықтың қарсылық нотасын жолдауына түрткі болған тағы бір себеп бар. Ол түсіндіру жұмыстарының түсініксіз өткені»,-дейді мамандар.

Серік Жеңісов, ШҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы:

Біздің республикадан келген спикерлердің айтатын уәждері, мәселелері халыққа өтпей жатыр. Егерде сондай бір жақсы дәлел болатын болса, уәждері болатын болса оны біз халыққа түсіндіруге даярмыз. Түсінбегендіктен ғой халықтың 50 мың қол жинап петиция жариялап отырғаны.

Өмір Шыныбекұлы, тарихшы:

Оны баспасөзде аса бір қатты науқаншылдықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілді деп айта алмаймын. Өз басым әлеуметтік желіден көріп отырмын оны.

21 маусым күні ҚР Сауда және интеграция министрлігінде петицияны қарау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Жиында бірыңғай уақыт белдеуін алып тастауды талап еткен бастамашы топ онлайн қосылып, өз пікірлерін айтқан. Бірақ, ғалымдар тұрғындардың уәжі негізсіз, туындаған қолайсыздықтарды уақыт өте реттеуге болды деп есептейді.

Жанна Нұрберген, Астана медицина университетінің жетекші ғылыми маманы:

Біздің айтқан дәлелдермен, ғылыми негізде дәлелденген нәрселерді естігісі келмейді олар. Олардың қатып қалған өздерінің ойларын алып келген ауыстыру керек деген. Болды. Бітті, біз осыны ауыстыру керекпіз қалайда деген сияқты. Ешқандай ғылыми дәлелдемесіз соны ған айтып отыр.

Болат Нұрқожаев, «Қолданбалы хронобиология» маманы:

Біздегі қарсылардың бірде-біреуінде ғылыми табиғи уақыт зиян тигізеді деген дәлел жоқ.

Тараптар ортақ байламға келмеді, әркім өз позициясында қалып отыр. Бұл бірінші отырыс. Сондықтан дискуссия жалғасады. Ал бірыңғай уақыт белдеуін алып тастауды қолдайтын топ мүшесі, өзін медициналық психологпін деп таныстыратын Евгений Ян есімді азаматтың айтқан ақпаратына қатысты күмән көп.

Болат Нұрқожаев, «Қолданбалы хронобиология» маманы:

Ян деген азамат былай депті. Таңның ерте атуы мелатонин гормонының қызметін бұзады деп қойған. Таңның ерте атуы емес мелатонин гормоны кешкі қараңғы түсе бастағаннан секрециясы басталады. Кешкі сағат 8-дің кезінде басталады. Ең көп бөлінетіні 00 мен 03 сағаттың ортасында. Таң уақытында ол төмен қарай түседі. Мелатонин гормонының бөлінісін түзетін не екенін білмегеннен кейін бүкіл ғылыми дәлелдердің бәрін, әлем ғылымының дәлелін терісайналдырып қойан.

Жанна Нұрберген, Астана медицина университетінің жетекші ғылыми маманы:

Медициналық психологпін деп өзін таныстырған Ян медициналық білімі жоқ болып шықты мүлдем. Осы психологиямен айналысып жүріп аз ғана уақыттың ішінде психологиялық өзгерістерді байқапты. Жалпы, бір сағатқа ғана ауысуы уақыттың ағзаға айтарлықтай ешқандай әсер тигізбейді. Егер адам ерте жатып, ерте тұрса.

13 жыл бойы уақыт белдеуін зерттеп келе жатқан хронобиология маманы Болат Нұрқожаев бұл мәселеге уақытылы нүкте қою керек, деп есептейді. Себебі...

Болат Нұрқожаев, «Қолданбалы хронобиология» маманы:

Біз ШҚО барғанда ондағы қарсылардың көбі біз Новосибирск уақытымен өмір сүргіміз келеді, ол жақта балаларымыз бар хабарласамыз, телефонмен байланысамыз деп айтты. Кейбіреулері тіпті 8 сағаттық белдеуді сұрап жатыр. Сонымен қатар Ресейдің табиғи уақытқа қарсы үлкен топтары бар бұрыннан. Солардың нақты менде скриндері бар, жазғандары бар. Қазақстан Үкіметінен талап етіңдер деп өзіміздің ішкі шаруамызға араласып, халыққа үндеу жариялады. Ресейде осындай ықпал етіп отырған топтар бар.

Серік Жұмабек, тілші:

Ғалымдар қазақстандықтар тек ғылыми дәлелдерді басшылыққа алса дейді. Әйтпесе, 1930 жылы адамның биологиялық ритміне қарсы жасалған жалған уақыт белдеуі UTC+6-ға қайтып оралудың үлкен қателік екенін түсінбей өтеді дейді. Егер ол дұрыс болса 2014 жылы Ресей одан бас тартпас еді ғой деп қапаланады.

Болат Нұрқожаев, «Қолданбалы хронобиология» маманы:

Бәрі жақсы еді ғой біз неге сағатты қозғадық дейді иә. Бәрі жақсы болған жоқ бізде. 1930 жылдан Сталин заманынан декреттік уақыт енгізгеннен біз қазір көріп отырмыз. Себебі, аурушаңдық көбейіп бара жатыр. Медицина онымен күресе алмайды. Себебі, біз адамның физиологиясы мен генетикасын бұзып отырмыз. Бірақ ол енді қазір қалпына келтіру керек емес деген сөз емес қой. Ғылымға сену керек, ғылымның бәрі қырта береді деген бос әңгіме.

Сұлтан Тілеуханов, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор:

1930 жылы алып қойған сағатты біз қайтаруымыз керек, табиғи жағдайға келуіміз керек, сонымен жүруіміз керек. Әрине бір жыл ма, екі жыл ма кейбір кісіде денсаулығымен байланысты кішкене ыңғайсыз болады. Себебі, бұрын 100 жылдай десинхроноз бұзылған ритммен жүрген. Ол бір күнде бола салмайды.

Қысқасы, ғалымдар бар мәселенің шешімі ерте жатып, ерте тұруға үйренуде деп отыр. Ал жаңа уақыт қолайсыз деп жүргендер өзін өзгерген уақытқа емес, керісінше жаңа уақытты өз әдеттеріне бейімделгісі келетіндер деп түсіндіреді.

Әмір Қуат, ғалым, биотехнолог:

Бұрынғы сағат 11 ол қазіргі онмен тең, рас қой. Егерде сіз бұрын 11-де жатып жүрсеңіз ол қазір сіздің кешкі сағат 10-да ұйықтауыңызбен тең. Не үшін сіз 11 де жатасыз?! Ол әдет. Сағатқа қарап 11 болды ғой сол кезде ұйықтау керек деген әдет. Сенің ағзаң саған ұйықта деп жатыр бар да жат. Сені қамап отырған, байлап отырған, ұстап отырған адам жоқ қой. Жоқ жерден проблема шығарып.

Сұлтан Тілеуханов, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор:

Ақшасы көп болады, түнде жұмыс істейінші деп ылғи түнде жұмыс істеп жүргендер міндетті түрде 100 пайыз мен қорықпай осы пайызды айтайын, ауру болады. Ол қайдан шығып отырған нәрсе осы табиғаттың заңымен келіспегеннен, табиғаттың заңына бағынбағаннан болып отырған нәрсе.

Серік Жұмабек, тілші:

Бұл академик Қаныш Сәтбаевтың қызы Қаниса Сәтбаеваның 1995 жылы жазылған «Адам физиологиясы» деген кітабы. Мұнда бүгінгі медицинаның болашағы сау адамның гигиенасы мен профилактикалық жағдайын жасаудан тұрады. Сондықтан медицинадағы барлық шешім тек қана биологиялық ритмдерді ескере отырып қабылдануы тиіс деп жазылған. Ал мамандар бірыңғай уақыт белдеуін енгізу биліктің емес ғылымның шешімі дейді. Қалай десек те, петицияға орай құрылған жұмыс тобы ортақ байламға келуі тиіс. Қандай шешім қабылданса да, аргументтер анық әрі жалпыға түсінікті болуы шарт. Мысалы, қазір жұрт неге түсінбейді дегенді көп айтады. Онда жақсылап түсіндіру керек шығар?!

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу