Дағыстан: Теракт салдарынан қаза тапқандардың саны 20-ға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дағыстан: Теракт салдарынан қаза тапқандардың саны 20-ға жетті

24.06.2024

Дағыстанда болған теракт салдарынан жиырма адам қаза тауып, ондаған тұрғын жарақат алды. Жеті адам жансақтау бөлімінде жатыр. Елде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, құқық қорғаушылар содырлардың жақтастарын іздеп жатыр.

Дербент пен Махачкаладағы жарылыстан кейін жедел штаб құрылды. Қазір құқық қорғаушылар содырлардың жақтастарын іздестіріп жатыр. Автомат асынғандар шіркеу мен синагоганы, сондай-ақ жол полициясы бекетін атқылаған. Шабуылдан соң синагога өртке оранды. Қаза тапқан 20 адамның 17 сі полиция қызметкері.

Сергей Меликов, Дағыстан Республикасының басшысы:

Қаза болғандардың ішінде бейбіт тұрғындар да бар. Республикадағы жағдайды мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары қатаң бақылауда ұстайды. Террорлық актіге қатысқандардың барлығы анықталады. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына ақшалай көмек көрсетіледі.

Терроризмге қарсы операция барысында 6 лаңкестің көзі жойылды. Оның ішінде Дағыстанның Сергокалин ауданының басшысы Магомед Омаровтың екі ұлы да бар. Сонымен қатар лаңкестердің қатарында еркін күрестен спорт шебері атанған Гаджимурад Кагиров болуы мүмкін.

Владимир Евсеев, сарапшы:

Терроризмде ұлт болмайды. Сондықтан белгілі бір ұлтты кінәлау дұрыс емес. Қауіпсіздік қызметкерлері соңғы айларда Ресейде бірнеше терактінің алдын алды. Бұл қылмысқа кімнің қатысы барын алдағы тергеу көрсетеді. Бірақ адамдар абай болуы қажет.

Жалпы Ресейде наурыз айында Мәскеудегі Крокус сити холл кешенінде болған терактіден соң тексеру жұмыстары күшейтілген. Әсіресе Орталық Азиядан келетін мигранттарға бақылау қатты. Қырғызстан азаматы Тимур Асылбеков елден депортацияланатындардың саны өскенін айтады. Еңбек мигранты жұмыссыз қалам ба деп алаңдаулы.

Тимур Асылбеков, Еңбек мигранты:

Таңғы алтыда үйімізге баса көктеп полиция қызметкерері келді, учаскеге алып кетті. Екі күн сонда ұстады. Құжатым дұрыс болса да, тексеріс қатты болып жатыр. Менің інімді екі айыппұлы болғаны үшін депортациялады. Бір жылдан соң еліме қайтамын деп шештім.

Ал Дағыстанда контртеррористік операция аяқталды. Лаңкестік әрекетке байланысты елде 3 күндік аза тұту жарияланды.

Индира Бегайдар, тілші:

Террорлық актіге байланысты 3 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жұмыстары әлі жалғасуда. Ал Дағыстанның Мәскеудегі өкілдігіне тұрғындар гүл шоқтарын қойып, көңіл айтуда. Жалпы ел бойынша сақтық шаралары күшейтілді.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу