Түркістандық шаруалар сапасыз тұқымның кесірінен мол өнім ала алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық шаруалар сапасыз тұқымның кесірінен мол өнім ала алмай отыр

24.06.2024

Түркістан облысынның шаруалары әлі күнге сапасыз тұқым егіп, одан арзымайтын өнім жинап келеді. Өйткені элиталы бидай сортын өндірумен қазір бар болғаны екі ғана шаруашылық айналысады. Соның салдарынан биыл егіс алқаптарының небәрі екі пайызына астықтың біргей сорты себілген.

Шаруа шарасыздықтан жылда 1 мың гектар жерге тапқан тұқымын сеуіп жүр. Элита былай тұрсын, бидайының қандай сорт екенін өзі де білмейді. Салдарынан жылда гектарынан небәрі 8-12 центнер өнім алады. Элиталы тұқымның бағасы қымбат. Қыруар ақшаға оны алайын десе оның бірегей сорт екеніне кепілдік жоқ.
Манасбай Бекбауов, шаруа қожалығының төрағасы:
Біз сенімнен кеткенбіз. Өйткені Совет үкіметі кезінде 3 сорт шығатын. Ол үш бөлек совхоз сияқты болатын. Үш бөлек бидай тазаланады, үш бөлек погрузчик, үш бөлек комбайн. Қазір тазартатын да біреу, артатын да біреу. Бәрі бір-бірімен аралас. Семхоз емес, сорттас емес болып кетті.
Тұқым шаруашылығының тоқырағынан ғалымдар да растап отыр. Өңірде элиталы тұқым әзірлейтін 33 шаруашылықтың қазір бірен-сараны ғана жұмыс істейді. Ғылымға қолдау аз. Бұл іске қызығушылық танытатын жас мамандар тапшы.
Сыдық Досымбек, Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:
Элиталы тұқым сұранысқа жетпейді. 44-45 пайызын ғана қамтамасыз етіп отырмыз. Тұқымшылық жүйесі мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Сондықтан біз басқа жобалардың есебінен осы жүйені жүргіземіз.
Биыл Түркістан облысында 227 мың гектар жерге бидай егілген болса, соның небәрі 5 мың гектары элиталық сорт.
Әлібек Піләлов, Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Элиталы, репродуктивті тұқымдарға мемлекеттік қолдау қарастырылған. Яғни бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар пестицидтер мен гербициттерді қолданғаны үшін сатып алынған дәрілердің 50 пайызы мемлекеттен субсидияланады.
Ғалымдардың нұсқауы бойынша өнімділікті арттыру үшін жыл сайын егістік алаптың кемі 3 пайызына дәнді дақылдың түпнұсқа және элиталы сорттары егілуі керек. Ал әзірге елімізде күздік бидайдың гектарынан жиналатын астық әзірге 13,5 центнерден әрі аспай тұр.

 Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу