Сақтандыру компаниясы шығынды кемітсе, не істеу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сақтандыру компаниясы шығынды кемітсе, не істеу керек?

25.06.2024

Сақтандыру компаниясы шығынды кемітсе, не істеу керек? Жасырын емес, қазір түрлі сақтандыру ұйымдары шығынды толық өтемеу үшін құйтырқы әрекетке барады. Мұндай жағдайда көлік жүргізуші өз құқығын қалай қорғай алады? Нені білуі тиіс? Самал Қабышева мамандардан жауап алды.

Биыл айналдырған алты айға толар толмас уақыттың ішінде 8 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Мұндай жағдайға тап болған көлік жүргізуші бірінші кезекте мына қарапайым талаптарды сақтауы тиіс.

Оқиға орнынан кетуге болмайды. Бірден полиция шақырту керек. Жол-көлік оқиғасына кінәлі адамға 20 АЕК көлемінде яғни, 74 мың теңге шамасында айыппұл салынады немесе жарты жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Ал, міндетті автосақтандырылған көліктің шығынын 600 АЕК дейін өтеп беруге міндетті.

Бірақ, шығынды шырылдатпай бірден өндіріп беретін сақтандыру ұйымдары аз, - дейді мамандар. Мысалы, Жанат Ргаевтың заңгерлік көмегіне шығынын өндіре алмай жүргендер көптеп жүгінеді екен.
Жанат Ргаев, заңгер:
Мысалы көліктің есігі. Келтірілген шығын - 100 мың теңге. Мысалы оны ол қайдан алып қойды? Бәлкім 200 мың болуы мүмкін. Соны сақтандыру компаниялары қай жерден алғандарын жазбай жатады. Сондай құйтырқы әрекеттері болады.
Сондықтан әр шығынның қалай бағаланғанын көлік жүргізуші талап етуі тиіс.
Самал Қабышева, тілші:
Сақтандыру компаниясы 5 жұмыс күннің ішінде көлік шығынын бағалау керек. Егер бағаланған шығын көлемімен келіспесеңіз, сақтандыру омбудсманына жүгіну қажет. Олар осы сайт арқылы талап-арызды қабылдайды. Қызметтері тегін. Екі айдың ішінде дауды сотқа жеткізбей шешіп беруге көмектеседі. Ал, егер олардың шешімімен келіспесеңіз, сотқа жүгінуге құқылысыз.
Заңгердің айтуынша, жол-көлік оқиғасына түскендердің көпшілігі мәселені полиция шақырмай өзара шешуге дағдыланған. Бірақ, маман мұндай шешім көп шығынға ұшырататынын еске салады.
Қанат Бимақанов, Сақтандыру компаниясының Астана қалалық филиалының директоры:
ДТП-ға түскен жағдайда сақтандыру төленбейтін кездер де болады. Ол заң бойынша. мысалы, ішімдік ішсе, оқиға орнынан кетіп қалса, есірткі заттарын қолданса, сақтандыру шығыны төленбейді.
Яғни, бұл жерде кері талап ету құқығы бар. Мысалы, сіздің көлігіңіз сақтандырылған. Өзгенің көлігін қағып алдыңыз. Шығынды сақтандыру компаниясы өтейді. Көлігі қағылған адамның мүлкін жөндеп береді. Артынша сақтандыру компаниясы сізден кері талап ету құқығы арқылы барлық шығынды қайтадан өздеріне өндіріп алады. Ал, сақтандыру компаниялары құжатты толық қабылдап алғаннан кейін көлік шығынын 15 жұмыс күн ішінде төлеуге міндетті.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу