Жаңа салық кодексі: Салық әділ бөліне ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа салық кодексі: Салық әділ бөліне ма?

30.06.2024

Жаңа салық кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың бірінші кезекте шағын және орта кәсіпке байланысты тұстарына тоқталған дұрыс деп санаймыз. Кез келген мемлекеттің шайқалмауына әсер ететін - орта тап.

Мемлекетте дәулеті орташа отбасы қаншалықты көп болса, мемлекет соншалықты мызғымайды. Ал өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың тұрақты жұмыс істеуі, дамуы үшін салық заңнамасының ролі орасан.

Бұған дейінгі заңда табысы 1 млн теңгеден асқандардың барлығы «жеке кәсіпкер» ретінде тіркелетін. Енді мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің табысы 15 млн теңгеден аспаса «жеке кәсіпкер» ретінде тіркелуге міндеттемейді. Тіпті салықтан да босатылады. Тек өзінің жеке зейнетақы қорына, әлеуметтік және медициналық сақтандыруға жалпы табысының 4 пайызын төлеуі тиіс.

Дегенмен кілтипан да бар. Біздегі салықтық түсімдер 17 пайыз. Көрші Ресей мен Өзбекстанда салықтық түсім 22-25 пайыз. Демек жаңа салық кодексінда ставкалар басқаша деген сөз.

Ал өзгерістер орташаны кедей қылмай ма?

Серік Жұмабек сараптайды.

Мемлекет басшысы салық саясаты әділ, ашық, тұрақты және барлығына бірдей түсінікті болуы шарт. Сондықтан жаңа салық кодексін әзірлеу керек деген еді. Одан бері де 2 жыл өтіп кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты. Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс.

Бұған дейін де салық жүйесін реформалаудың бірнеше сатысынан өткенбіз. Енді міне, жаңа кодекске көшкелі отырмыз. Келер жылдан бастап салықтың басым бөлігі қысқармақ. Алдымен өзгерістерге тоқталсақ.

Бұдан былай жылдық табысы 15 млн теңгеден аспайтындар «жеке кәсіпкер» ретінде тіркелуге міндетті емес, тіпті салықтан босатылады. Мұндай мүмкіндік өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллионға жуық кәсіпкерге беріліп отыр.

Нұрлыбек Шаймаханов, ҚР ҰЭМ салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары:

Салық мөлшерлемесі 0 болады. Яғни төленбейді салық. Бірақ 4 пайыз мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төленеді. Зейнетақы, медициналық аударымдар және де әлеуметтік аударымдар төлейтін болады.

Яғни, бұрынғыдай салыққа да, зейнетақы қорына да 10 пайыз аудару деген болмайды.Тек, жалпы табыстың 4 пайыз ғана төлейсіз. Бірақ, кәсіби бухгалтер Балжан Жанғасынова бұны тиімсіз тәсіл деп санайды.

Балжан Жанғасынова, салық кеңесшісі, кәсіби бухгалтер:

Егер ол кісі тазалау қызметтерін атқаратын болса онда ол кәсіпкер болып тіркелудің қажеті жоқ дейді жаңа салық кодексінде. Кәсіпкер үшін жеке табыс салығын 0 пайыз, яғни ол жоқ деп алып тастап отыр. Бірақ оның орнына 4 пайыз әлеуметтік аударымдарды қосып отыр. Яғни, бұл бір жағынан алып жеңілдетіп отыр да екінші жағынан 4 пайыздық төлемді қосып қиындатып отыр.

Сарапшылар, егер жаңа салық кодексі осы қалпында қабылданатын болса, онда әлеуметтік кодекске де тиісті өзгерту енгізу керек деп санайды. Тіпті, «жеке кәсіпкер» ретінде тіркелмегеннің өзінде оның кейбір тетіктері әлі нақтыланбаған деп отыр.

Балжан Жанғасынова, салық кеңесшісі, кәсіби бухгалтер:

Клиник қызметін атқаратын әйел адам болса ол кісі кәсібін тіркемейді. Бірақ, ол өзінің 1 айдағы табысы 1 млн 250 мыңнан, 340 АЕК аспауы керек. Бірақ, ол қандайда есеп-қисап жүргізу керек. Себебі ол шектен аспағанын дәлелдеп отыруы керек және ол кәсіпкер болып тіркелмейтін болса кассалық аппаратты тіркемейді. Кассалық аппаратты тіркемесе оның екінші деңгейлі банкте алып отырған әр аударымы оның табысы болып табыла ма? Осыны анықтау жолдары қалай болатыны түсініксіз болып жатыр.

Ал 15 млн-нан 500 млн теңгеге дейін табыс табатындар «жеке кәсіпкер» ретінде тіркеледі. Бірақ, бұрынғыдай 3 емес 2 пайыз салық төлейді. Қажет десеңіз қосымша құн салығынан да босатылады. Елімізде мұндай оңайлатылған декларация режимін қолданатын 1 млн 900 мыңнан астам кәсіпкер бар.

Нұрлыбек Шаймаханов, ҚР ҰЭМ салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары:

Олар үшін қазіргі таңда шекті табыс бір жылда 177 млн шамасында болса енді ол 500 млн теңгеге дейін көбейеді. Олардың қызметкерлерінің саны 30-дан аспау керек болса енді шектеу болмайды және салық мөлшерлемесі бұрын 3 пайыз болса енді 2 пайыз болады.

Серік Жұмабек, тілші:

Бірақ, сарапшылар оңайлатылған декларациямен бөлшек сауда салық режимін біріктірудің дұрыс емес екенін айтады. Мысалы, тұтынушы жеке тұлға болса онда кәсіпкер 2 пайыз салық төлейді. Ал егер сатып алушы да саудагер болса ше?! Онда екеуі де 8 пайыздан салық төлеуге міндеттеледі. Сәйкесінше, тауар бағасы қымбаттайды ғой деп отыр.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Ендігі мына жаңа заң енгізілетін болса ең соңғы тұтынушы біздің қалтамыздан шығатын шығын 12-15 пайызға дейін қымбаттауы әбден мүмкін. Яғни, бұл соңғы тұтынушыға әсерін тигізеді, соның қалтасын қағатын бір жағдай.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Меніңше, бұл 16 пайыз анау айтқандай қосымша бизнеске жүктеме емес және бір нәрсесі бар ол қосымша құн салығын тұтынушы төлейді. Кәсіпорындар тек қана делдал. Ол өзінің шығарған өнімін дүкенге берсе, сол дүкеннен қосымша құн салығын қосып алады да оны мемлекетке төлей салады.

Жаңа салық кодексіндегі бөлшек саудаға қатысты өзгеріске де өкпелі адам көп. Олар салық режиміндегі жылдық табыс мөлшерлемесін 2 млрд-тан 500 млн теңгеге дейін төмендетуге қарсы.

Шынар Сәрсенқызы, «Самрук» бухгалтерлік агенттігінің құрылтайшысы:

Бізге айтты 2 млрд айналым болады көрсетіңіз, бизнестеріңізді дравить етпеңіздер, бір ғана компанияда жұмыс істеп салық төлеп жүре беріңіздер деп айтты. Егерде жаңа салық кодексін қарасаңыз 500 млн. 500 млн саудаға ол не?! Ол өте аз.

Асель Тасымқызы, «самрук» бухгалтерлік агенттігінің басшысы:

Өздері қызықтырып шығарды ғой алдыңғы жылы осы розничный налогті. Барлықтарына мүмкіндік берді. Енді барлығы көшіп алғаннан кейін 2 млрд-ті 500 млн қылып тастады. Енді-енді үйреніп келе жатқан кезде жаңағы кәсіпкерлер не істерлерін білмейді, басқа қандай налогқа көшеміз деген мәселе туындап жатыр қазір.

Балжан Жанғасынова, салық кеңесшісі, кәсіби бухгалтер:

Жаңа салық кодексінің жобасы біз ойлағандай жалпы кіші кәсіпкерлерді қолдайтын шарттарды көрмей отырмыз. Бөлшек сауда салық режимі мен арнайы салық режимінің ішіндегі оңайлатылған декларация екеуін қосып қойып микс жасап отыр. Яғни, ол қазіргі бөлшек саудада жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін өздерінің бөлімшелерін, өкілеттіліктерін ашқан кәсіпкерлер өз бизнестерін жабу керек болады немесе бірден 2025 жылы жалпыға бірдей салық режимін және қосымша құн салығын төлейтін салық төлеуші болып табылады. Ол өте қолайсыз.

Ал салаға жауапты мамандар шағын және орта бизнесте жүрген кәсіпкерлердің арасында жылына 500 млн-нан аса пайда табатындардың үлесі 3-4 пайыз ғана. Сондықтан, айтарлықтай кері әсері жоқ деп санайды.

Нұрлыбек Шаймаханов, ҚР ҰЭМ салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары:

Бұл жерде 500 млн-нан көп табыс алған кәсіпкерлер үшін режим өзгереді. Олардың саны көп емес, жалпы сол режимді қолданатындардың саны 30000 шамасында болса соның бір 3-4 пайызы ғана.

8 жылдан бері кәсіпкерлерге салық және бухгалтерлік қызмет бойынша кеңес берумен айналысатын Шынар Сәрсенқызы бұл өзгеріс бизнес өкілдерінің мемлекетке деген сенімін жоғалтып, көлеңкелі экономикаға жол аша ма деп алаңдайды.

Шынар Сәрсенқызы, «Самрук» бухгалтерлік агенттігінің құрылтайшысы:

Тек қана 2 квартал өтті. Тіпті, 2 кварталдың отчетын әлі тапсырған емеспіз. Бірінші кварталдың ғана отчеті кетті. Анализ жасаудың әлі уақыты келген жоқ. Анализ 2 жыл, 3 жыл өту керек содан кейін қарау керек.

Салық саясатындағы алаңдатарлық тағы бір дүние инвесторларға қатысты. Олар декларация тапсыруға қорқады. Себебі, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне сенбейді.

Шынар Сәрсенқызы, «Самрук» бухгалтерлік агенттігінің құрылтайшысы:

Резидент болуы мүмкін және не резидент болуы мүмкін басқа шетелде орналасқан адамдардың бірінші қоятын сұрағы где гарантия что мой данные некуда не уйдут? Мен ол жерде тұрмаймын, неге бәрін көрсету керекпін? Неге менің әйелім барлығын көрсету керек? Мен барып қырғызыстанда ашам, өзбекстанда ашам. Себебі оларда декларация жоқ. Біз сондай жайтты естіп жатырмыз.

Ең бастысы келер жылдан бастап бизнестегі жоспарлы тексерістер толықтай тоқтатылмақ. Тек, төлем жасамау қаупі бар ерекше жағдайларда ғана тексеріс жүргізіледі. Оның өзі цифрлық форматта.

Ержан Біржанов, ҚР қаржы вице-министрі:

Жаңа салық төлеуші тіркелген кезде оған мемлекеттік табыс органдарынының атынан оқыту жұмыстары жүргізілетін болады. Тағыда бір өзгешеліктердің бірі жоспарлы тексеруді кодекстен алып тастап жатырмыз.

Мемлекет басшысы соңғы 5 жылда бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асқанын айтқан. Тіпті, салықтық түсімдердің аздығынан да Ұлттық қорға орынсыз қол салуға мәжбүрміз. Ал, Ұлттық экономика министрлігі жаңа салық кодексіндегі өзгерістер арқылы міндетті төлемдер санын кемінде 20 пайызға қысқартып, кәсіпкерлерге жылына 1.3 трлн теңге жеңілдік жасаймыз деп отыр. Экономистер экономикадағы осындай қарама-қайшылықтардан қауіптенеді.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Біздің жалпы ішкі өніміміздоллармен есептелінеді ғой 250-225 млрд доллар болатын болса, біздің салығымыз бар болғаны 34-35 млрд доллар болып тұр. Сонда орта есеппен 17 пайыз. 17 пайыз бұл өте төмен. Біздегі көрші Ресей, Өзбекстан сияқты мемлекеттерде 22-25 пайзыға дейін салықтық түсім бюджетке түседі жалпы ішкі өнімнен.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Салық кодексін тұрақты түрде қамтамассыз ете аламыз. Егерде салықтық түсімдердің көлемі 90 пайыздан асқан жағдайда. Яғни, салықтық түсім жыл өткен сайын артып отыруы керек және тұрақты болу керек. Сонда әлеуметтік шығындарымызды да қамтамассыз етуді қолға ала аламыз. 50 пайыздан төмен болған жағдайда оны 2-3 жыл ұлттық қордан жабуға мүмкіндігіміз бар. Ал төртінші жылы біз қайдан жабамыз. Сол үшін де шағын және орта бизнесті арттыруға мақсат қоюдың өзі бюджеттің салықтық түсімдерінің санын арттыру.

Серік Жұмабек, тілші:

Мемлекет басшысының Сингапурға сапары естеріңізде болар. Сарапшылар дәл осы мемлекеттің экономикалық жетістігі 3 қағидаға ғана негізделгенін айтады. Олар тиімді салық саясаты, инвестициялық климат және жемқорлықпен күрес. Бюджеттік шығындардың 40 пайызын әлеуметтік салаға жұмсайтын Қазақстан үшін тамаша тәсіл деп тамсануға болар еді. Бірақ, бізде бұлардың бәрі жасалып жатыр ғой. Сонда мәселе неде? Әлде жарым-жарты істейміз бе?

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу