Ұлытау облысында дәстүрлі «Көкмайса-2024» этно-фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытау облысында дәстүрлі «Көкмайса-2024» этно-фестивалі өтті

01.07.2024

Ұлытау облысында дәстүрлі «Көкмайса-2024» этно-фестивалі өтті. 9-шы мәрте ұйымдастырылған шарада ұлттық ойындарымыз ұлықталды. Өңірдегі тілшіміз Жандос Бақытұлы тарқатсын.

Бұл шараның ел арасындағы негізгі атауы «Қымызмұрындық». Жер аяғы кеңіп, желіні толған биелердің желіге байланған уақыты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Қымызмұрындық өңірдің асыға күтетін мерекесіне айналған. Биыл да 11 киіз үй тігіліп, жиналған жұртшылық түрлі ұлттық ойындарды тамашалады. Бұл жолы жүлде қоры- 4 000 000 теңге.

Ақжол Құрмансейіт, облысы әкімі аппараты басшысы орынбасары:

Барлық құндылықтарымызды көрсететін бұл фестиваль, жалпы халықтың қолдауымен сүйіспеншілігіне айналған. Себебі Ұлытау ауданы көлеміндегі мерекесін ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар қатарына қосқаны белгілі.

Дүбірлі доданың басты ерекшелігі ұмытыла бастаған қолөнердің қолға алынғаны, зерек ұлттың зергерлік өнері қайта жаңғырғаны. Киіз басу, ши тоқу, арқан есу, қамшы өру, домбыра жасау және қымыз ашытудың үлгілері көрсетілді.

Бақтияр Қожахметов, «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының директоры:

Қымыз мерекесі кеңес дәуірінде де тойлана бастаған. Біз бірақ 2012 жылы фестваль деңгейіне жеткіздік. Шетелден қонақтар шақырып, үлкен мерекеге айналдырдық. Біз оны Ұлытаумен шектемей ауқымын кеңейтіп жатырмыз. Қазақстанның түкпір түкіпірінде өтсін деген ниетіміз бар.

Қайта жаңғырып келе жатқан мереке бүгінде Ақмола, Павлодар облыстарымен, Қарағанды қаласында да аталып өтті. Жылдан жылға ауқымы кеңейіп, ұмыт болған ұлт құндылықтары елге дәріптелді.

Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу