Түркістан облысында шаруалар балық өсіруді қолға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында шаруалар балық өсіруді қолға алды

02.07.2024

Түркістан облысында мал шаруашылығын ата кәсіп еткен Созақ пен Түлкібас аудандарының тұрғындары енді балық шаруашылығын дамытпақ. Шаруалар ауыл маңынан шағын тоған қазып, шабақ өсіруді қолға алған. Қазір бірнеше елдімекеннің халқы осы кәсіппен айналыса бастады. Олар сазан, амур, дөңмаңдай балығын көбейтіп, кәсіпке айналдыруды көздеп отыр.

Шолаққорған ауылының тұрғыны Ержан Асқаров өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып, тоған жасатты. Су маржандарын Тараз қаласынан алдырып, 1,5 тонна шабақ жіберген. Бүгінде тоғандағы балықтың алды үш келіге дейін ет жинағанын айтады. Алғашқыларын сатып жатыр.

Ержан Асқаров, Кәсіпкер:

Созақтың халқы малға үйренгенбіз ғой енді, балық шаруашылығы жүрмеген бізде. Бірінші рет жүргізіп жатырмыз осыны. Қалай болады екен деп ел істеп жатқан нәресені көрейік дедік, істедік бастадық. Үш гектар жер берген әкімшілік. Карпы бар, сазаны бар. Араластырып алдық шабағын.

Ал түлкібастықтар жерастынан шығатын бұлақ көздерін пайдаланып, балық өсіруде. Елдімекендерде мемлекеттен қаражат алып, табысты кәсіп бастаған шаруалар саны артты. Ерте қамданғандары балықтарын базарға шығарып, пайдасын көруде.

Еркебұлан Қайратұлы, Кәсіпкер:

Жер астынан шығатын бұлақ бар. Бұл жерде екі бассейініміз бар. Біріншісін форельден бастадық. Екіншісіне карповый семейства, сазан, толстолоп, амур сияқты балықтарды тастайтын ойымыз бар.

Қуатбек Сағымбекұлы, Түлкібас аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

Биылғы жылы 60-тан аса азаматтар мен кәсіпкерлер қызығушылық танытты. Оның 27-сі биылғы жылы 1,5 млн шабақ алып келіп, өздерінің жасап қойған тоғандарына жіберіп жатыр. Жылдың аяғына дейін 1000-1200 тонна балық өндіру ниетіміз бар.

Айта кетейік, қазіргі таңда балық шаруашылығына мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Балықтың азығына кеткен шығынның 30 пайызына субсидия төленсе, сатып алатын шабағына да қаражат қарастырылған.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу